Әлем • 30 Наурыз, 2020

Пандемия жүз жыл сайын қайталанып отырған

2941 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда әлем елдерін әбігерге түсірген пандемия атам қазақтың «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан жаңа» дейтін тәмсілінде айтылатын өлшем сияқты әрбір 100 жыл сайын қайталанып отырыпты.

Пандемия жүз жыл сайын қайталанып отырған

1720 жыл. Аталмыш ауру осы жылы Еуропада «Марсел індеті» дейтін атпен тарап, 100 мыңдаған адамның ажал құшуына себепкер болған екен. Індет адамға кеміргіш жәндіктер: тышқан, егеуқұйрық т.б. арқылы жұққан дейді көне деректерде. Аталмыш вирус – кеміргіш жәндіктің терісінде 23 тәулік, азық-түлік заттарында 2-4 ай, ауырған адамның қанында 165 күнге дейін сақталған.

Аурудың белгісі – температура көтеріледі, бұлшық еттер шошынып ісиді, салғырттық пайда болады, ауру жұққан адам құсады, кеуде тұсы қысады, қанды қақырық түседі.

***

1820 жыл. Бұл дүниені дүрліктірген екінші індет. Алғаш Индияда ластанған суды ұдайы тұтынудан  пайда болып, сауда тасымалдайтын су жолы (кемемен) арқылы Еуропаға жеткен. Дерт әуелі Лондон қаласына тарағанымен, індет кіндігі ретінде Ньюкасль қаласы апат ошағына айналды. Бұл ауруға шалдыққан адамның бойынан сұйықтық азаяды. Осының салдарынан: асқазан, бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе қызметі бұзылады да, өлімге душар етеді.

Дерт азғана уақыт ішінде 100 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған екен. Бұл пандемия Филиппин, Индонезия, Тайланд бастатқан Азия елдеріне де орай соққан көрінеді.

***

1920 жыл. Әлемді жайлаған үшінші індет «Испания тұмауы» деген атпен осы жылы пайда болыпты. Екі жылдың ішінде дүние жүзінің халқының 29,5 пайызына жұғып, 50 миллион адам ауырса, шамамен бұлардың 3,7 пайызы 70 мыңнан астам пенде бақилық болған.

Пандемия тарихын зерттеген мамандар бұл індет «H1N1» вирусі негізінде бірінші дүниежүзілік  соғыстың соңғы жылдары пайда болып, 1920 жылы әлемге тараған дейді. Ауруға бір миллион адам шалдыққан. Әсіресе, 20-40 жас аралығындағы зіңгіттей қыз-жігіттерді баудай түсірген.

Дерттің белгісі: адамның бет-әлпеті көгеріп, оттегі жетіспейді. Қан аралас қақырық түседі. Өкпе қабынады. Көп жағдайда адамдар ауру жұққан күні-ақ өкпесінен қан кетіп өле берген. Бұл індет аса көп адамды өлімге душар еткен тажал ретінде тарих парағына тіркелді.

****

 2020  жыл. Қытай елінде басталған коронавирус дерті қазір әлемнің 200-ге жуық еліне тарап үлгерді. Соңғы мәліметке қарағанда, дерт жұқтырғандар саны  – 715 212 адамға жетіп, 33583 адам осы ауру салдарынан бақилық болыпты. Алда әлі қанша адам зардап шегері әзірге белгісіз. Ең қиыны әлем болып жұқпалы індетті ауыздықтай алмай әлекке түсуде.