Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Мемлекет қолдауы еңсе көтертті

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірдің өңін кіргізетін шаруасының толымдысы астық өсіру. Облыс диқандары өз аймағымызды ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, сапалы өнімін шетке шығарып, шалғайдағы жұртты да ұнмен қарық қылып отыр.

Мемлекет қолдауы еңсе көтертті

Қазіргі күні Жақсы ауданындағы ТНК агрофирмасының құрамына кіретін «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарма және жылдам дайындалатын сұлы қауызы өнімдеріне сұраныс жоғары болып отыр. Осы кәсіпорын басшысы Ғабиден Бралиннің айтуына қарағанда, мұнда тәулігіне бес жүз тоннадан астам бидай үгетін 4 диірмен жұмыс істеп тұр. Агрофирманың меншігінде малға қажетті құрама жем шығаратын зауыт та бар. Өткен жылы жылдық қуаты 12000 тоннаны құрайтын түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды.

Қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған осы кәсіпорынның сапалы өнімдеріне сұраныс күннен-күнге көбейе түсуде. Өнімнің өзі сапалы болғаннан кейін өтуі де жақсы. Әсіресе, Ресей, Ауғанстан, Орта Азия елдері бұйымтайларын айтуда. Бір айта кетерлігі, ұнмен бірге жарма мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарының оннан астам түрі шығарылады. Шикізат өздерінен. Бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілетін ұнның он процентке жуығы Жақсы элеваторының үлесінде. Жалпы, Ақмола облысында агронеркәсіп кешенін дамыту шеңберінде еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспорттық әлеуеттін арттыру міндетті тұр. Өткен жылы агрофирма 42,1 милллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Осының арқасында жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында ішкі өнім көлемі 515,8 миллиард теңгеге жетті. 

Жақсы ауданы,

Ақмола облысы