Бүгінгінің Фәридасы
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Бермұхамбетованы замандастары «Бүгінгінің Фәридасы» дейді. Түр-тұлғасындағы тектілік қана емес, бойындағы өнер мен дауыс сыңғыры да расымен өткен ғасырдың жұлдызына айналған аңыз актриса Фәрида Шәріпованың сарқытын бойына сарқып көшіргендей. Әйгілі сахна саңлағының соңғы спектакльдерін көзбен көру бақыты бұйырғандықтан, біз де аталған теңеуге еш қарсыласпай келістік. Өйткені Айнұрдың бойында оны көп замандастарынан даралап тұратын айрықша қасиеті бар, ол – зиялылығы. Қандай рөлге салсаң да, сайрап сала жөнелетін сан қырлы өнер иесі сахнадағы 22 жылдық шығармашылық өмірінде түрлі жанрдағы спектакльдерде алуан амплуалы кейіпкерлерді кемеліне келтіре кейіптеп, көрерменінің көзайымына айналды. Атап айтсақ, Айнұр Бермұхамбетованың сараптауындағы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Мәрзия, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуындағы» – Мақпал, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» – Қарлығаш, «Қарагөзіндегі» – Ақбала, «Абайындағы» – Әйгерім, «Айман – Шолпанындағы» – Теңге, Ш.Айтматовтың «Ана–Жер Анасындағы» – Әлиман, «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» - Зарипа, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» – Ақбала, Р.Баяджиевтің «Аршын мал аланындағы» – Гүльчахра, А.Цагарелидің «Гамарджобасындағы» - Ханума, И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағындағы» - Розалинда, М.Фриштің «Дон-Жуанның думанындағы» - Донна Эльвира, Ж.Ануйдің «Жалын жұтқан Жанна д’Арк» драмасындағы – Жанна бейнелері көрерменін күні бүгінге дейін рухани қуанышқа кенелтіп келеді.
Сахна сүйген сұлу
Есім Сегізбаев пен Кәукен Кенжетаев шеберханасында шыңдалып, Әзірбайжан Мәмбетов мектебінің тәлімін көрген өнер иесі сахнаға шықса-ақ алуан кейіпке еніп түрленіп кетеді. Театр – оның тынысы, ән – әдемі әлемі. Актерлік шеберлік пен әншілікті егіз жарастырған сахна сұлуы сонысымен ерекше.
Айнұрдың кейіптеуіндегі бейнелер бірі екіншісіне ұқсамайтын сан қырлы, орындалу техникасы тұрғысынан күрделі. Актриса сахнада тәуекелшіл. Оның айқын дәлелі – Жан Расиннің «Федра» моноспектакліне батыл баруы. «Федраның» арқасында біз сахнада актрисаға жолықтық. Иә, актрисаға! Осы бір ауыз сөздің шын мәніндегі анықтамасын айғақтайтын аса талантты жұмыстың куәгері болдық. Сол үшін жүрегіміз жарылардай қуандық! Ол – Айнұр Бермұхамбетова
Әрине, Айнұрды Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының қойылымдарын жібермей тамашалайтын көрермен қауым жақсы біледі, сахнада сараптаған шоқтығы биік әр бейнесі арқылы жақын таниды. Бірақ, бүгінгі Айнұр мүлдем бөлек. Ол – енді каллекилік Айнұр емес, жаңа ғасырға Антика әлемінен топ ете қалаған құмарлығы мен қызғанышы, адалдығы мен аярлығы, жалыны мен аязы, сезімі мен сергелдеңі, мейірімі мен қатігездігі қатар шарпысқан құмарлықтың шын мәніндегі құрбаны, махаббаттың күнәһары.
Федраның басты трагедиясы – өгей ұлына деген өлермен сезімінде ғана ма? Оның қасіреті – сұлулығында! Сол ғаламат ажарына бедер салған уақыттың алдындағы дәрменсіздігінде. Жүрегін ақыл мен санаға бағындырып,игере алмаған құмарлығында. Еркіндігін тұрмыс пен тіршілік заңы жолында құрбан еткен шарасыздығында. Иә, оның бар трагедиясы – әйел болып жаратылғандығында!
Міне, осы күрделі көңіл-күй қатпарлары актриса Айнұр Бермұхамбетованың сарптауында өте сәтті ашылған. Болмысынан, табиғатынан драмалық актриса Федраның бояуын өз биігінде бедерледі. Бұл жолы біз Айнұрды драмалық актриса, ғаламат дауысты әнші ретінде ғана емес, әуені мен әуезі, әсемдігі мен әрекеті, парасаты мен пластикасы қатар келіскен сан қырлы сахнагер ретінде таныдық. Актриса сахнаға ғаламат эстетиканы алып шықты. Ол – Федраға айналған Айнұрдың сыртқы сұлулығы ғана емес, тұтастай спектакльге сән кіргізген – адам көріп, таңырқай алатын әдемілік атаулының барлығын талғамы мен талабы қатар өрілген кірпияз сахнада ғаламат бір үйлесіммен үндестіре алуында. Осы үшін де «Жарайсың!» деп қол соқтық. Өнер иесінің жан әлемінде жасырынып жатқан әдеміліктің барлығын суырып алып, актер ретіндегі бар мүмкіндігін көрсету үшін кейде осылай: сахнагерлерге арнап арнайы моноспектакльдер қойып тұру аса қажет екен деген ойға қалдық. Федра – Айнұр бізді саф өнердің тереңіне бойлатты. Сахнадан сұлулық көрдік! Суреткерлікке жолықтық!
Айнұр-әлем
Айнұр дегенде, көңілге құрмет орнықтыратын тағы бір қасиет – ол актрисаның шыққан биігінде қалып қоймай, өзін үнемі шығармашылық тұрғыдан жетілдіріп, дамытып, әрдайым жаңа қырынан көрсетуге ұмытылып жүрер ізденгіштігі. Жақында елордадағы «Nomad City Hall» залында жанды дауыста өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Айнұр Бермұхамбетованың «Ай-Нұр әлемі» атты концерт-спектаклі осы ойымызға және бір мәрте иландырды.
Сағынышқа толы хаттар...
Әлемдік мюзиклдерге саяхат...
Қилы тағдырларға толы театр әлемі...
Сан түрлі үндер үйлескен дубляж ғаламы...
Актриса үнімен өзгеше өрнек тапқан әлемдік музыкалық туындылар...
Міне, осының барлығы көрерменіне һәм тыңдарманына тамаша тарту болды. Тыңғылықты да жан-жақты дайындалған жүйелі жұмыс актрисаның қиял қарымы мен шығармашылық деңгейінің қаншалықты қарыштап кеткендігін және бір мәрте әйгілеп берді. Біз бұл кеште сахна мен экранда түрлі рөлді кемеліне келтіре кейіптеген актрисаны ғана емес, жанды дауыста ән салып, әуезді үнімен талай туындыны қазақша сөйлеткен дубляж саласындағы қажырлы еңбегіне де куә болдық, құрметпен қол соқтық. Өйткені бұл кеште біз көрген әлем – ерекше сұлу әлем. Ол – актрисаның өзі, өнердегі сөзі. Арманы мен аңсары. Айнұр–әлем әдемі!