Қазақстан халқы Ассамблеясы аталған акция аясында 21-26 наурыз аралығында жалпы көлемі 3,5 миллион теңгені қамтитын материалдық көмек көрсетті. Бұған қоса өңір-өңірде 500-ден аса отбасыға көмек қолын созып, 100 мыңнан аса медициналық масканы тегін үлестірді.
«Біз біргеміз!» акциясына Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де белсенді қатысып, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және қарт адамдарға қамқорлық көрсетіп жатыр.
Елордадағы «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы көпбалалы 15 отбасыға ең қажетті тауарлар түрінде 150 мың теңгеге көмек көрсетті.
Ассамблея еріктілері зейнеткерлерге дәрі-дәрмек жеткізу, маскалар тарату бастамаларына да қолғабыс етті. Сондай-ақ олар ПИК өкілдерімен бірге тұрғын үйлердің кіреберісіне санитарлық тазалық жүргізді.
Нұр-Сұлтан қаласында осы уақыт аралығында жалпы сомасы 1 млн 350 мың теңге болатын көмек көрсетілді.