Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Бай-өлкеден басталған көш Қазақстанның маң даласын бетке ұстап жөңкіліп жатты. Осы ұлы дүбірдің арасында Ауғанбай атты құсбегі қазақ Алтайы қоңыр бүркітін жұртқа тастамай көшпен бірге алып келген еді. Бұрынғы Жезқазған облысына қарасты шеткі ауданға келіп қоныстанады. Бір отар қой алып, Балқаш көлінің жағасындағы ескі қыстаққа жайғасады. Жыл өтеді. Туған жерін ойлап өгейсіген көңіл орнығады. Бірақ қолындағы Алтайы қоңыр бүркіті жерсінбейді. Бір-екі рет көлдің қалың қамысында қыстаған қоян, қарсаққа салып байқаған екен, аңға шүйілудің орнына, қайқаң етіп көкке шаншылатын әдет тауыпты. Оның бер жағында «қызыл көз» ферма бастығы «мынаны жоғалтыңдар» деп зікір салатынды шығарыпты. «Шекарадан қалай асырдың?», «Бүркіттің паспорты қайда?», «Денсаулығы туралы анықтамасы бар ма?» деп, «қызыл көз» бастық қоңыр бүркітпен өшігіп алады.
Бүркіт тұрғай, өздерінде паспорты жоқ бейбақтардың қолынан не келе қойсын! Содан амал-айласы қалмаған құсбегі “обалына қалмайын” деп жыл асқан соң қыранын босатып қоя берген.
Балақ бауынан ажыраған қоңыр бүркіт қыстақтың үстінде ұ-з-а-қ айналып ұшып, бір мезетте екі рет шаңқ етіп “піштақтап”, тіке көкке өрлеп бұлтқа сіңіп кеткен. Ауғанбайдың өзі, әйелі, бала-шағасы бәрі жылап қала берген.
Бұлар жылап тұрғанда, «Урал» мотоциклын өкіртіп ферма бастығы келіп қалады. Масаң бастық “Сендерге не болды?” деп кіжіңдейді. Ауғанбай сонау биікте қара ноқат қалықтап жүрген қыранды көрсетеді. Аспанға бір қарап, жылап тұрған Ауғанбайға бір қарап, қора шетіндегі бос қалған қоңыр қыранның тұғырына бір қарап, көктемдегі көксоқты болған кәрі текедей басын шайқап, мәңгірген бастық: «Өздері жанын баға алмай отырып, ұшып кеткен бүркітке жылайды, ақымақтар-ай, ха-ха-ха... » – дейді. Дүниені жаңғыртып, іштегі кегі кепкенше күліп жөніне кетеді.
Содан арада айлар, жылжып жылдар өтеді. Екі арада совхоз тарап кетіп, Ауғанбайдың қыстағын «қызыл көз» бастық малымен бірге сатып алады. Шиеттей бес баласын шұбыртып ауылға келген отбасына, алдындағы малын қосып, бақтырған мектептің директоры жұмыс, тұратын баспана тауып беріп, көмектеседі. Ел қатарлы өмір сүріп жатады. Арба, шана жөндейтін қолының ептілігі бар азамат ауыл ішінде абыройсыз да емес еді.
Арада тағы бір жыл өткен соң Ауғанбай өзінің туып-өскен мекеніне қыдырыстап келеді. Көрмегелі төрт-бес жыл болған ағайындарымен шұрқырасып табысады. Сағыныштың мауқы басылып, тасыған көңіл саябырсыған соң Ауғанбай нағашысының құла бестісін тақымына басып, бала күнінде қой жайып, қозы қайырған Бұғана сайды өрлеп, Қаратаудың күңгейіндегі ескі қытауына беттейді. Екі ара жарты күндік жол. Күн көтеріле атқа қонған Ауғанбай екінті мезетінде Қаратауды етегіне ілінеді. Ел осы Қаратауды қасиет тұтады. Өйткені таудың теріскей өзегін қуалап аққан сан бұлақ бар. Суы тастай. Осы бұлақтарға оқ тиіп жараланған қоңыр аңдар келіп, қан аққан жарасын суытып, жазылады. Әрі таудың шығыс бетінде ұшар басына бұлт байланған құзарлы мұнар шың бар. Оның ашық бетінде бүркіт балапан басады. Ауғанбай баяғыда қоңыр бүркітін осы ұядан алған болатын…
Туған жерін аңсап келген азамат құла бестінің ауыздығын алып, аяғын тұсап, отқа жіберіп, жантайып жатып, қыратты алқапқа көз тастады. Кенет шаңқ еткен қыранның дауысы ойын бөліп жіберді. О, құдірет төрт жыл бұрын босатып жіберген қоңыр бүркіт жартастың қиясында отыр. Дәл өзі. Ауғанбай атып тұрып шырға салып бүркітін шақырды. Қалықтай ұшып таяп келді, бірақ қолына қонбады. Тағыланып кеткен болар. Ауғанбай үшін оның қонбағаны да дұрыс еді... Ауғанбайдың еңсесі езіліп: «япырмай, қоңыр бүркіт құрлы болмады-ау» деп күрсінеді.
«Тау мен тау кезікпейді, адам мен адам кезігеді», дегендей 90-шы жылдарың ортасында Ауғанбаймен Моңғолия мен Ресей шекарасындағы Ташанта бекетінде кездестім. Шекарадан өте алмай екі күн аялдадық. Аужекең бала-шағасын шұбыртып туған жеріне қайта көшіп барады екен. «Неге бұлай істедің?» дегенімде осы әңгімені айтып берді.