28 Тамыз, 2013

Каддафидің екінші ұлы өлім жазасына кесілуі мүмкін

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сейф аль-Ислам Каддафи

Ливияның бұрынғы басшысы Муамар Каддафидің екінші ұлы – Сейф аль-Ислам Каддафиге қатысты сот ісі 19 қыркүйекте басталады. Бұл туралы «РИА Новости» хабарлады.

Ливияның бас прокуроры Абдель Кадир Радван 19 қыркүйекте Сейф аль-Исламның қылмыстық ісін қарау басталады деп отыр. Сейф аль-Ислам 2011 жылдың күзгі оқиғасында әскери қылмыс жасады, мемлекеттік туды қорлады деп айыпталуда. Ол сондай-ақ елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін адам ретінде де сот алдында жауап бермек.

Халықаралық сот өкілдері Муамар Каддафидің ұлына Ливия соты үкім шығаруға дайын емес, сондықтан Сейф аль-Исламды Гаага трибуналына берген жөн деп санайды.

Сол сияқты, Сейф аль-Исламның қорғаушысы да соттың Ливияда өткеніне қарсы. Өйткені, ол мұнда өзінің қорғауындағы адамға өлім жазасы кесіліп кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Жалпы, Сейф аль-Ислам 2011 жылдың күзгі оқиғаларына дейін Муамар Каддафидің орнын басатын тақ мұрагері деп есептелініп келген. Алайда, ол 2013 жылдың қараша айында Нигерияға өтіп кетпек болып жатқан кезде Ливия Ұлттық уақытша кеңесі қарулы күштерінің пәрменімен тұтқындалған.

Тағы бір айта кетер жәйт, аталған елдің барлау қызметінің бұрынғы басшысы Абдал ас-Сенуссидің ісі де 19 қыркүйекте басталмақ. Ол да 2011 жылдың күзінде болған Ливиядағы оқиғалар барысында әскери қылмыс жасаған деп айыпталуда.

Жолдыбай Базаров.