Теннис • 30 Наурыз, 2020

Теннистен Уимблдон турнирі кейінге шегерілді

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың 29 маусымы мен 12 шілдесі аралығында өтуге тиіс «Үлкен дулыға» санатына жататын төрт жарыстың бірі – «Уимблдон» додасы кейінге шегерілді.

Теннистен Уимблдон турнирі кейінге шегерілді

Ұлыбританияның астанасы – Лондонда дәстүрлі түрде өтіп тұратын турнирдің тұсауы сонау 1877 жылы кесілген. 143 жылдық тарихы бар «Уимблдонда» талай жақсылар мен жайсаңдар өнер көрсеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Ерлер арасында Роджер Федерердің шоқтығы биік. 2003-2017 жылдар аралығында өткен жекелеген сайыстарда Швейцарияның мақтанышы сегіз рет осы жарыстың жеңімпазы атанды. Әйелдер бәсекесінде Мартина Навратиловаға тең келер ешкім жоқ. 1978-1990 жылдар аралығында  Чехословакияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған теннисші тоғыз мәрте топ жарды. 

Былтырғы жылғы ерлердің жарысы сербиялық сайыпқыран Новак Джоковичтің жеңісімен аяқталды. Финалда ол Роджер Федерерден басым түсті. Әйелдердің сайысында Симона Халептің бағы жанды. Румынияның өкілі шешуші тұста америкалық Серена Уильямске сан соқтырды. 

Соңғы рет «Уимблдон» турнирі 1945 жылы кейінге шегерілген еді. Содан кейін бақандай 75 жыл бойы ол белгіленген уақытында үздіксіз ұйымдастырылып тұрды.  Міне, енді жер жаһанда коронавирус дертінің дендеуіне байланысты айтулы жарысты өткізу мерзімін өзгертуге тура келді.