Әскери қызметшілерді жауынгерлерді жаппай жою қаруынан ұрыс алаңында қорғаумен айналысатын азаматтық қорғаныс жұмыстарына тарту – қажеттілік саналады. Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғары Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дезинфекциялау жұмыстарының аумағы кеңейтіліп, биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің саны арттырылды.
Нұр-Сұлтан қаласында дезинфекциялау жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тексерді. Әңгімелесу барысында ол әскери қызметшілердің Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен амандығын сақтауда атқаратын жұмыстары маңызды және ауқымды екендігін айтты.
– Әскерилердің ерекшелігі – бейбіт кезде істері көрінбей, қиын кезеңде көмекке келетіні. Елімізде қажетті шаралар қолға алынып, инфекцияға қатысты жағдай бақылауға алынған. Бірақ біраз жинақталып, ұстамдылық таныту қажет. Сіздерге тек басшылықтың ғана емес, туған-туыс, дос-жаран және барлық қазақстандықтардың назары ауып, құрмет, сенім және түсіністікпен қарауда, – деді Н.Ермекбаев.
Әскери қызметшілер өз денсаулығының қауіпсіздігіне де аса мән беру керек. Бір жауынгердің сырқаты бөлімшенің ғана емес, бүкіл әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Әскерилерге барлық санитарлық-гигиеналық нормалардың талаптары қатаң сақталып, індеттің алғашқы белгілерін білу және олар анықталған кезде басшылыққа жедел түрде баяндау жөнінде ескертілді.
Әскерилердің физикалық белсенділікті ескеріп, жеке құрамның тамақтану рационын қайта қарастырып, денсаулықты қалыпты жағдайда сақтау үшін витаминдер беруді ұйымдастыру тапсырылды. Әскери қызметшілердің күн сайынғы моншаға баруы, киімдердің арнайы құралдармен тазалап, жеке гигиена құралдарымен уақытылы қамтамасыз етулілері ұйымдастырылған. Жұмыс барысында әскери қызметшілердің далада көп уақыт өткізулеріне байланысты секторлар бойынша арнайы биодәретханалар мен әкімшілік ғимараттарға кіруге мүмкіндік беру мәселесі қарастырылуда.
Дезинфекциялауға жататын нысандар мен аумақтарды толықтай өңдеу ескертілді. Сонымен қатар құралдарды ауыстыру мен жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі шешілуде.
Министр өз атынан әскери қызметшілерге қызметтері үшін, оның ішінде түнгі уақытта ірі қала нысандарын дезинфекциялауға, қала маңына жақын орналасқан ауыл аймағын арнайы өңдеу жұмысына қатысқандары үшін алғысын білдірді.