Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Түркістан: 11 баланың анасы «Біз біргеміз!» акциясын іске асырушыларға алғыс айтуда

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде «Nur Otan» партиясының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясы жалғасын табуда. Акция аясында Сайрам ауданы Әсіл ауылындағы аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік пакет таратылды.

Түркістан: 11 баланың анасы «Біз біргеміз!» акциясын іске асырушыларға алғыс айтуда

Қиналған  жандарға қол ұшын беруді  азаматтық парызы санаған жеке кәсіпкер Серік Ибадуллаев өзінің туған өлкесіне демеушілік жасағанды жөн санапты. Сөйтіп «Интертехсервис-ИТД» ЖШС бас директоры тұрмысы төмен 30 отбасыға әлеуметтік пакет дайындаған. Оған қоса 200  медициналық маска таратқан. Әлеуметтік пакетте медициналық маскалармен қатар  ұн, макарон, пісте май, қант, кір сабын сияқты  күнделікті қажетті тауарлар бар. Әсіл ауылының түрғыны, бірінші топтағы мүгедек Бейбіт Сәрсеновтің қайырымды жанға айтар алғысы шексіз.   «Сайрам ауданында 122  отбасы көмекке аса мұқтаждар тізіміне  енгізілген. Осы уақытқа дейін олардың барлығына әлеуметтік  пакет таратылды. Бұдан былай тағы екінші кезектегі  мұқтаждар  тізім жасақтаймыз», дейді  «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмас Әбдіқадіров. 

Ел мүддесін көздеп, қолындағысын өзгемен бөлісуге даяр тұратын азаматтардың бірі – Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Қайрат Сүлейменов те сауапты істің ортасынан табылып, көмекке мұқтаж жандарды азық- түлікпен қамтамасыз етті. Елбасы Үндеуін қолдап жомарттық танытқан  Қайрат Сүлейменов  «Біз біргеміз!» акциясы аясында өз қаражаты есебінен арнайы қорға 1 миллион теңге аударды. Сондай-ақ Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы бастамасымен ашылған әлеуметтік дүкенде жағдайы төмен отбасыларға тегін азық-түлік таратылуда. Сонымен қатар киім-кешек те берілуде. Ақсақалдар алқасы Түркістан қаласындағы 16 секторға би сайлаған. Сол азаматтар аз қамтылған отбасыларды іріктеп береді. Көмек алып көңілін демдеген және елді біріктіретін акцияны жүзеге асырушыларға алғысы шексіз  жандардың бірі Жәмила Санжарқызы дүниеге 11 ұл-қыз әкелген. Шағын кәсіпкерлікпен айналысып келген отағасының жұмысы уақытша тоқтап тұр екен. Батыр ана ақсақалдар тарапынан берілген  көмекке дән риза. Әлеуметтік дүкенде есеп айырысу деген атымен жоқ. Ақсақалдар қажетті азық-түлікті тегін береді. Қайырымдылық жасағысы келгендер осында келіп қолдау көрсетуде. Мысалы, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов ақсақалдар алқасымен бірлесе жұмыс істеп, әлеуметтік дүкенге 2 тоннаға жуық азық-түлік  әкелген.

Айта кетелік, аптаның сәрсенбісінде ғана жұмыс істейтін әлеуметтік дүкенде  сол күні Түркістандағы 16  сектордың әрқайсысынан  бір отбасыға тегін тауар беріледі.

 

Түркістан облысы