Қазақстан • 30 Наурыз, 2020

Карантиннен қашсаң, «қармаққа ілінесің»

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлем елдері вирусқа байланысты үй карантинінде жатқан азаматтарды қашықтан қалай бақылап жатқанын бұған дейін жазғанбыз. Олардың электрондық тапқыр жүйесіне таңдайымызды да қаққанбыз. Енді Нұр-Сұлтан қаласы да вирус жұқтыру қаупі бар азаматтарды бақылаудың смарт жүйесін іске қосты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова хабарлады.

Карантиннен қашсаң, «қармаққа ілінесің»

Жаңа жүйені коронавируспен күрес IT-штабының қолдауымен елордалық әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігінің цифрландыру кеңсесі бірге жасап шығарыпты. Оны өздері «коронавирусқа байланысты үй карантинінде отырған азаматтармен сөйлесудің жаңа форматы» деп атапты.

Smart Astana мобильдік қосымшасында ашылған қызметтің бұл түріне вирус жұқтырғандармен байланыста болған, қазір үй карантинінде жатқан барлық азамат тіркелген. Олардың біреуі карантин аумағынан ұзайтын болса, телефондағы жүйе белгі беріп, азаматтың кері қайтуын ескертеді. Сондай-ақ, арасында бейнеқоңыраулар да іске қосылып, карантиндегі тұлғаның үйде бар-жоғын анықтайды.

Бұдан бөлек, Smart Astana мобильдік қосымшасында тағы бір жаңа қызмет іске қосылды. Ол «Мен Covid-19 таралуына қарсымын» деп аталады. Оны телефонға жүктеу арқылы тұрғындар цифрлық балдар жинақтай алады. Ұпайды көп жинаған қаланың ең белсенді тұрғындары апта сайын ойнатылатын ұтыс ойынына қатысып, бағалы сыйлықтар ұтып алуға мүмкіндігі бар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ