Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Қызылорда: Жедел штаб отырысында маңызды мәселелер талқыланды

730 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы қала, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Қызылорда: Жедел штаб отырысында маңызды мәселелер талқыланды

Ең алдымен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Қазақстан Республикасы Бас санитариялық дәрігерінің республика көлемінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы №27 және Қызылорда облысының бас санитариялық дәрігерінің №3 қаулыларынан туындайтын талаптарды қатаң сақтау жайлы айтылды.
       Тиісті орындарға қажетті бетперде, медициналық құрал-жабдық, антисептиктерге қажетті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсыну тапсырылды. Қашықтықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдары мен оқушылардың дайындығын қамтамасыз ету де жүктелді.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы аймақтағы ірі компаниялардың өз қаражаты есебінен барлық жұмысшысын коронавирусты анықтайтын тестен өткізуіне ықпал жасауы қажет.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қызылорда қаласы және аудандар әкімдерімен бірлесіп, өңірлердегі бос жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізіп, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар қабылдап нәтижесін екі күн мерзім ішінде облыс әкіміне баяндауы керек.

Азық-түлік қорын молайтып, оны жергілікті жерлерге жеткізу мәселесін реттей отырып, әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының шарықтауына жол бермеу аса маңызды. Осы мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 1 сәуірге дейін облыстық тұрақтандыру қорын азық-түліктің қажетті қорымен қамтамасыз ету тапсырылды.  

- Көктемгі дала жұмыстарына да көңіл бөлуіміз қажет. Сондықтан, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осы бағыттағы шараларды ширатып, «Қазсушар» мекемесімен бірлесіп орын алып отырған су тапшылығына байланысты биылға жоспарланған күріш егу көлемін оңтайландырсын. Осы сын сағатта кәсіпкерлер халыққа қарайласып, жеке басы мүддесі үшін алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеуі тиіс. Бұған да ерекше назар аударыңыздар. Бірінші кезекте, жұмыссыздықтың алдын алып, азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық заттардың тапшылығына жол бермей, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауымыз керек, – деді облыс әкімі.