Руханият • 31 Наурыз, 2020

Науырзымға аққулар наурызда қонады

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қашанда күн райының қас-қабағын аңдап, аң-құстың мінезін бағып, соған қарай әр нәрсені ырымдап отыратын табиғатқа етене жақын Науырзым өңіріндегі ел «бірінші ақу-қаз ұшып келсе, көктем ұзарып кетеді, ал үйрек келсе, көктем қысқа болып, жаз ерте шығады» деп болжайды. Биыл Науырзым қорығына қонған құстың басы аққу болды. Демек бұл жақта көктем ұзақ болады.

Науырзымға аққулар наурызда қонады

Суретті түсірген Ришат Батряков

Қайыңды, қарағайлы орманы мен бетегелі-жусанды жазық даласы, Жаркөл, Ақ­суат, Сарымойын секілді айдын көлдері бар Науырзым қорығы жоғары сатыдағы өсім­діктің 700-ге жуық түрі өсетін 192 мың гектардай ал­қапты алып жатыр. Қорықта сүт қоректілердің қырықтан артық, ал құстың үш жүзден астам түрі тіршілік етеді. Жыл құстары қоныс аударатын әуе жолы қорық аумағындағы көлдердің дәл үстінен өтеді. Сондықтан бұл мекен сирек кездесетін және ерекше қорғауға алынған құстардың жыл айналып соғатын ыстық ұясы болып кеткен.

– Көктемде қорық аума­ғына құстар әдетте толқын-тол­қы­нымен ұшып келеді. Биыл ең бірінші болып құс тө­ресі – аққу ұшып келді. Нә­тижесінде, аққу ерте ке­ліп, ең кеш қайтатын құс. Мұз қатқанша осында қа­лады. Аққуды ал­ғаш сегізінші наурызда байқадық. Наурыздың 23-іне қарай Жаркөлге мыңға тарта аққу қонды. Енді біраздан соң қаз, үйрек шағалалар келе бастайды. Әр құстың ұшып келген уақытын, Науырзым аумағында қан­ша мерзім бол­ғанын, ұя сал­ға­нын, жұ­мыртқа басып, балапан ұшыр­ғанын қал­дыр­май қағазға тү­сіріп отырамыз. Араға жыл салып ұшып келетін ақ құйрық су бүр­кіт сияқты құстар бар, – деді қо­рық­тың кіші ғылыми қыз­меткері Ришат Батряков.

Орнитолог-ғалымның айтуынша, Науырзым қоры­ғында құстың 318 түрі тір­кел­ген. Оның біразы ұя салып, жұмыртқалап, балапан­да­ры­ның қанаты қатайғанша осы жерді паналайды. Кейбір құс­тар қонып, біраз әл жинап алып қайта ұшады. Қорық аумағын қырықтан астам құс тұрақты мекендейді.

 

Қостанай облысы