Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Ақмолада «Біз біргеміз» акциясына жазасын өтеушілер де үн қосуда

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақтағы түрмелерде медициналық маска тігу өндірісі қарқын алған. Жазасын өтеушілер тәулігіне 7 мыңнан астам маска тігеді. Қайырымдылық шара барысында маскалардың бір парасы Көкшетаудағы қарттар мен мүгедектерге арналған «Үміт Шаңырақ» орталығына тегін үлестірілді.  

Ақмолада «Біз біргеміз» акциясына жазасын өтеушілер де үн қосуда

Гранитный кентіндегі ЕЦ 166/25 мекемесінде 500 – ге жуық азамат жазасын өтеуде. Олардың 60 - тан астамы тігін цехында еңбек етеді. Қазіргі жұмыс маска тігу. 

– Қазір мен Республикалық «Еңбек» мекемесі арқылы жұмысқа орналастым. Екінші конвейерде тігінші-моторист болып жұмыс істеймін. Медициналық маскалар тігеміз. Коронавирус эпидемиясына байланысты біз Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қолдау танытқымыз келеді. Қарттар үйіне арнап маскаларды тегін тігуді бастадық. Сөйтіп біз бүгінгі қоғамда тараған қауіпті індетпен күресуге өзіндік үлес қосқымыз келеді,–дейді жазасын өтеуші.         

Қазір тәулігіне 2 жарым мыңнан астам маска тігіледі. Өнім сертификаттаудан өткен әрі аллергия және шаң-тозаңнан қорғау талаптарына сәйкес келеді. Бетперденің екі түрі тігіледі. Бірі ересек адамдарға лайықты болса, екіншісі балалар мен жасөспірімдерге арналған.

–Қазақстан аумағында бастау алған респубикалық «Біз біргеміз» акциясынан қылмыстық атқару жүйесі департаменті де қалыс қалмауда. Осы ретте еңбекпен түзету мекемелерінде қоғамның осал топтарына тегін маска тігу туралы шешім қабылданған. Бастамаға жазасын өтеушілер де көмектесуге ниетті екендіктерін білдірді,–дейді ЕЦ 166/25 мекемесі бастығының орынбасары Сұлтан Құсайынов.  

Дайын маскалардың бір парасы Көкшетау қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған «Үміт Шаңырақ» орталығына табысталды.

Қазіргі таңда республикалық «Еңбек» кәсіпорынының 3 бөлімшесі маска тігуге жұмылдырылған. Наурыздың 20-сынан бастап түрлі тапсырыс бойынша бас аяғы 50 мыңнан астам маска тігіліпті. Қажетті болған жағдайда дайын өнім көлемін екі есеге арттыру да көзделіп отыр.