«Зекет» қорының демеуімен ұйымдастырылған қайырымдылық шара барысында Елорданың 500 отбасына азық-түлік таратылады. Нұр-Сұлтан қаласында құрылған арнайы штаб Көкшетаудан жөнелтілген аманатты қабылдап алып, волонтерлар мұқтаж отбасыларға жеткізетін болады.
–Осы акцияға тек Ақмола облысы ғана емес, біздің көршілес Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы, Ақтөбе, Атырау, Орал және де Маңғыстау облыстарының үлес қосуымен жасалып жатқан іс-шара,–дейді Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит.
«Жақсылық жасасаң көбейеді» деген бар. Қораптарда ұн, қант, сұйық май, тұз, шай сияқты ең қажетті азық-түліктер бар. Сауапты іске мешіт жанынан құрылған «Аңсар» еріктілер орталығының мүшелері де ат салысты.
–Төтенше жағдайға байланысты «Жылы жүрек» атты керуенде таңертеңнен кешке дейін халыққа қызмет көрсету үшін, жағдайы төмен отбасыларды демеу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Кешеден бастап түнімен осы қораптарды әзірледік,–дейді «Аңсар» волонтерлар орталығының мүшесі Дәулет Түрәлі.
Айта кетейік, «Жылы жүрек» керуенінің қайырымдылық шарасы барысында өңірдің тұрмысы төмен отбасыларына да көмек көрсетілді.