Бұл қаулы бойынша Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы мен аудандарының елді мекендері арасында көлік құралдарының кіріп-шығуына тыйым салынды. Өте қажет болмаса, ауыл, кент, қала ішінде де адамдар мен жеке көліктің қозғалысына тыйым салынып отыр.
Жедел штаб бекіткен салалар тізіміне енгізілген ұйымдарда қызмет ететін жеке адамдар жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда үйінен жұмыс орнына және жұмыс орнынан үйіне баруға рұқсат етіледі.
Ал үйіндегі тұрғындар азық-түлік пен дәрі-дәрмекті алу үшін тіркеуде тұратын жерінен 2 км радиустағы дүкендер мен дәріханаларға ғана бара алады. Үй жануарларын серуендету 30 минут ішінде, 500 метр радиуста жүзеге асады.
«Медициналық мекемелерге шұғыл жағдайларда ғана бару, үйден төтенше жағдайда және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда ғана шығу қажет» делінген қаулыда.
Ал туысқандарға, таныстарға, көршілерге, әріптестерге және басқа жерлерге баруға, қоғамдық орындарда, бір отбасының адамдарын қоспағанда, үштен артық адамның жиналуына, кәмелетке толмағандардың үлкендердің ілесуінсіз қала бойынша қозғалуына тыйым салынады.
Облыстың бас санитары тұрғындардың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарды қоспағанда барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуды, ұйымдар мен кәсіпорындардың күшейтілген карантин уақытында қалыпты жұмыс режимін тоқтатып, өз қызметін қашықтан, соның ішінде онлайн режимінде жалғастыруы тиістігін айтқан.
Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін жартылай стационарлық түрдегі ұйымдардың жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Қоғамдық көлік антисептикалық құралдармен қамтамасыз етіліп, онда тек жеке қорғаныш құралдарымен (медициналық маскалар) жүруге рұқсат етілді. Қоғамдық көлік барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, сағат 06.00-ден сағат 19.00-ге дейін шектеу режимі аясында жұмыс істейтін болады.
Санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Орал қаласы мен аудандардағы барлық аумақтық мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар, заңды тұлғалары (меншік нысанына қарамастан) жұмыс күнін 2 сағатқа қысқартады. Сондай-ақ өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызметкерлерге қолғаптар мен бір реттік маскалар таратуы, орынжайды күніне кемінде 2 рет ылғалды жинау және дезинфекциялауы, дүкендерге, дәріханаларға, медициналық мекемелер мен басқа да ұйымдарға кіретін және шығатын жерлерде санитайзерлер орнатуы тиіс.
Орынжай ішінде адамдар санын шектеліп, 20 шаршы метр жерде 1 адамнан аспауы тиіс. Ғимарат ішінде және сыртта адамдардың арасы кемінде 2 метр болуы керек. Орынжайларға жеке қорғаныш құралдарынсыз (медициналық маскасыз) кіруге тыйым салынады.
Карантиннің ұзақтығы COVID-19 вирусының инкубациялық кезеңіне қарай соңғы науқасты оқшаулау және жұқтыру ошағында дезинфекциялық шараларды аяқтау сәтінен бастап белгіленеді. Вирустың инкубациялық кезеңі 14 күн. Яғни, Батыс Қазақстан облысындағы күшейтілген карантин режимі соңғы науқас оқшауланған соң екі аптадан кейін аяқталмақ.
Батыс Қазақстан