Қазіргі таңда Алматы қаласындағы карантин орталығы мен волонтерлер штабында аталған университеттің 50-ден аса жоғары курс студенттері еңбек етеді. Карантин орталығына әр күні 10 адам түседі. Мұндай орталықтарға шетелдерден ұшып келген барлық жолаушылар жеткізіледі. Бәрі қауіпті індетке тест тапсырады. 7 курс студенттерінің биылғы практикасы үлкен тәуекел мен қауіп-қатерге толы болып тұр. Интернатурадағы студент-дәрігер Нұриддин Тілеубек университетінің жаңа жатақханасында орналасқан карантин орталығында жұмыс істейді.
– Ерікті дәрігер-студенттер күн сайын мұқтаж азаматтарға, жалғызілікті аналарға, қарт адамдар мен мүгедектерге медициналық керек-жарақтарды, қажетті заттарды, тамақ себеттерін жеткізумен айналысады. Сондай-ақ олар карантиндік аймақтардың жұмысына белсенді қатысады, халықаралық рейстерден келген адамдардың тізімдерін жасайды, блок бекеттерінде жұмыс істейді, температураны өлшейді, – дейді Н.Тілеубек.
Еліміздің жетекші медициналық университеті коронавирусқа қарсы күресте барлық бағытта көмек көрсетуді қолға алған. Науқастармен жұмыс істейтін жас мамандардан басқа, университет өзге қалалардан келген дәрігерлерге уақытша тұру үшін екі жатақхана бөлді. Университет Covid-19-ға қарсы күресте ел басындағы ауыр жүкті жұмыла көтеруді жалғастыруға ниетті.
Студент-дәрігерлер мен волонтерлер өз кезегінде карантин орталықтары, аймақтарында ғана емес, қаладағы ауруханалардағы жұмыстарға да жұмылған. Университет ректоры Талғат Нұрғожин студенттердің мұндай қадамға өз еркімен барғанын айтты.
– Резидентура мен интернатурада оқып жүрген студенттеріміз дәрігерлерге көмектесуді өздері шешті. Бұл – олардың үлкен тәуекелі. Шәкірттеріміздің шешімі ҚазҰМУ-дың медицина саласында білікті мамандарды тәрбиелейтінін тағы бір рет дәлелдеді. Адамдарды емдеу – жас мамандар үшін тек жұмыс қана емес, кәсіби міндет пен азаматтық борыш, – деді ректор.
Шетелдерде, сондай-ақ елімізде де медицина қызметкерлерінің өздері қауіпті инфекцияны жұтырып, тіпті әлемдік тәжірибеде кейбірінің вирустан өліп жатқанын көре тұра осындай тәуекелге барған студенттердің ісіне сәттілік тілейміз!