Руханият • 31 Наурыз, 2020

«Астана Опера» онлайн-терапия ұсынады

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұйық кеңістікте карантин уақытын өткізу – барша әлем жұртшылығы тап болған мәселе. Психологтар онлайн-концерттер тамашалауға, челлендждер ұйымдастыруға, өзін-өзі дамытумен айналысуға кеңес береді. Өзге қазақстандық әртістермен қатар, «Астана Опера» театрының вокалистері классикалық өнерді сүйетін барша қауымға онлайн-терапия ұсынады.

«Астана Опера» онлайн-терапия ұсынады

Оның мәні – музыка бағалаушыларының назарын аудартып, әлеуметтік желілерде солистердің концертмейстерлермен бірге дайындықтарының қалай өтіп жатқандығын көрсету, оларды опера өнерінің жауһарларымен таныстыру, сол арқылы жағымсыз әрі келеңсіз ақпарат ағынынан адамдардың көңілін бөлу. Қазақстандық әртістер Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылған шығармашылық эстафетаны бір-біріне жолдауда. Ведомство #БіргеЕңсереміз, #БізБіргеміз жобаларының аясында карантиндегі уақытты тиімді өткізуге кеңес береді.

 - Әр уақытта да өнер адам үшін қызмет етті: ол дәуірлер арқылы адамдарға жақсы мен жаман, игілік пен зұлымдық, қуаныш пен мерзімі жеткен мәселе туралы айтуға жәрдемдескен. Музыка – жалған нәрсеге шыдай алмайтын ең мәнерлі тілдердің бірі, ол – әмбебап, тұрақты әрі мәңгі. Биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлы Абай Құнанбаев аккордтары мен философиялық ойы бір мәрте шырқалғаннан-ақ қазақстандықтардың жүректерінде мәңгі әуелей беретін композицияны дүниеге әкелді. «Көзімнің қарасы» адам жанының терең түпкірлеріне еніп, тыңдаған сайын жаңаша түйсінулер, эмоциялар мен сезімдер әлеміне жетелейді. Әлеуметтік желідегі парақшамда отандастарымды қолдауға бағытталған бейнеролик жариялаймын. Еліміз бен тұтастай әлем үшін осынау қиын-қыстау кезеңде Тұңғыш Президент Қорының лауреаттары мен Қор жанындағы Мәдениет жөніндегі кеңес мүшелері қазақ классикасының жауһарларын орындайды. Тек бұл жолы қойылым опера сахнасында емес, карантин режимінде үйден ұсынылады – себебі өнердің шекарасы жоқ. Естеріңізде болсын, біз бірлесіп бәрін де жеңеміз - #Bizbirgemiz, - деп атап өтті өз аккаунтында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының меңгерушісі Азамат Жылтыркөзов.

Бұдан бөлек, баритон әнші П.И.Чайковскийдің «Дон Жуанның серенадасын» шырқап, эстафетаны опера цехындағы өз әріптестеріне жолдады, өзі болса мұны ҚазҰӨУ студенттері Әлихан және Омархан Омарғазиндерден қабылдаған болатын. «Құрмет» орденінің кавалері, театрдың жетекші солисі Айзада Қапонова тыңдарман назарына И.Штраустың «Жарқанат» опереттасынан Адельдің шумақтарын ұсынды. Опера әншісінен челленджді белгілі әртістер – Талғат Мұсабаев, Расул Жармағамбетов, Айгүл Қосанова қабылдамақ. Майра Мұхамедқызы, Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина және басқа көптеген әртістер өз оқырмандарымен белсенді қарым-қатынас жасауда.

Қазақстандық опера дивасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы 4 сәуір күні сағат 21:00-де Қазақтелекомның YouTube каналынан тікелей эфирде Live форматындағы жеке концертін беретінін атап өткен жөн!

Концерт бағдарламасына қазақтың халық әндері, Абай Құнанбаевтың туындылары, танымал итальяндық және классикалық орыс романстары енген. 

Еске салар болсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Live форматында «Карантиндегі жұлдыз» жаңа жобасын іске қосқан болатын. Сондай-ақ көрермендердің әртістермен сұхбаттасу мүмкіндігі туындады. Концерттер ашық әрі баршаға қолжетімді түрде тегін өткізіледі.