Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Түркістан: Мұғалімдер үлесі – 91 878 медициналық бетперде

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының ұстаздар қауымы қайырымдылық істен шет қалмады. Қиын шақта қолдан келген көмегін көрсетуді жөн санаған мұғалімдер  91 878 медициналық бетперде тігіп шықты.

Түркістан: Мұғалімдер үлесі – 91 878 медициналық бетперде

Бетперделер өңірдегі ауыл, қала тұрғындарына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, дәріханаларға және мектеп қызметкерлері мен оқушыларға тегін таратылды. Бұл игі іске облыс көлемінде жалпы 1980 оқытушы өз еркімен қатысқан. «Өзімізді ғана ойламай жақындарымызға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қамқорлық танытқанымыз дұрыс. Осы ретте бетперденің жетіспеушілігін білген соң әріптестерімізбен ақылдасып, бетперде тігуді қолға алдық. Ел басына күн туған кезде қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолдарын ойластырып, оны іске асыру әрбір жанның азаматтық борышы деп білеміз», дейді Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Айгүл Арыстанбекова. Аталмыш мектеп қызметкерлері 22-30 наурыз аралығында өз еріктерімен кезекшілікке түсіп, бір күнде шамамен 2-2,5 мың дана бетперде дайындаған. Ұстаздардың игі бастамасынан хабардар болған қала тұрғындары да өз үйлерінде бетперде тігіп, ортақ қорға үлес қосқан.

 

Түркістан облысы