Қазақстан • 31 Наурыз, 2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет онлайн форматта жиын өткізді

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайға байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заманауи байланыс құралдарын қолдана отырып, онлайн форматта жұмыс істеуге көшті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет онлайн форматта жиын өткізді

Агенттіктің аймақтық департаменттері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабы негізінде қылмыстық және басқа да құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен жағдайларды реттеу жөніндегі ұсыныстарды онлайн режимде қарау тәжірибесін қолға алды. Бұл үшін жиналыстың өткізілетін уақыты мен байланыстырушы әлеуметтік желінің атауы көрсетіліп, алдын ала хабарланады.

Онлайн форматтағы жиын еңбек ұжымдарының қатысуымен Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында өтті.

Батыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманына қатысты қылмыстық істің мән-жайын қарады.

Ол 2019 жылы қазан айында Қазталов және Жаңақала аудандарында облыстық маңызы бар жолдарды ағымдық жөндеу және ұстау бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін ЖШС өкілінен жалпы сомасы 220 000 теңге пара алуда күдікті болды. Күдікті азамат Орал қалалық сотының кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылды, 8,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар Жамбыл облысында екі тұрғынға әлеуметтік көмек алуға көмектесу үшін 199 мың теңгеге жуық пара алған Жұмыспен қамту бөлімінің бас маманына қатысты мәселе қаралды.

Қазір бұл қызметкер жұмыстан шығарылып, оған 1 млн 400 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтен жұмыс істеу құқығынан біржола айырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерінің ісін жасырып, оған жалған құжат жасауға жол берген Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөліміндегі басшыларды да жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді.