29 Тамыз, 2013

Бел-белес

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылған пошталық марканың тұсаукесері болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әркен Арыстанов қатысты.

Е.Ыдырысов өз сөзінде «тәуелсіздігі­міз­дің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев үшін ғаламдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету мәселесі бірінші кезекті басымдыққа ие болды және біздің еліміз әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартып, сол кезден бастап «бейбітшілік эпицентріне» айналды», деп атап өтті.

Семей полигонының жабылуымен ядролық таратпау мен қарусыздану ғаламдық үрдісінің жаңа кезеңі бастау алды, оның аясында Невададағы, Жаңа Жер, Лоб-Нор және Муруроа секілді әлемнің ірі сынақ алаңдарында да жұмыстар тоқтатылды.

«29 тамыз – бұл ядролық апокалипсис қаупін алшақтатқан белес болып табылады. Жылдар мен онжылдықтар өтуімен әлемдік қауымдастықтың осы күннің ерекше маңыздылығын түсінуі тек арта береді деген сенімдеміз», деді өз сөзінде Е.Ыдырысов.

1949 жыл мен 1989 жыл аралығында Кеңес Одағы Семей полигонында 456 атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтарын жүргізгені баршаға аян. Жалпы алғанда, 600-ден астам ядролық заряд детонацияланған, бұл ядролық қару пайда болғаннан бастап жер бетінде өткізілген сынақтардың төрттен бір бөлігін құрайды.

«Егемен-ақпарат».