Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Оқшауланған үйден карантин алынды

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

29 наурыз күні коронавирус жұқтырғаны белгілі болған оралдық әйел тұратын көпқабатты үй түгел оқшауланып, тұрғындары пәтерден шықпау туралы нұсқау алған еді. Арада екі күн өткенде ол үйден карантин алынды.

Оқшауланған үйден карантин алынды

Осыған орай «ол әйелдің бойынан коронавирус табылғаны қате екен» деген қауесет те тарап үлгерді. Алайда Батыс Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті науқастың расымен де ауру жұқтырып, қазір емделіп жатқанын хабарлады. Ал онымен қарым-қатынаста болған жандар арнайы орында оқшауланып, тиісті тексеруден өткізілген, олардың бойынан вирус белгілері табылмаған. Науқас тұратын үйдің барлық кіреберісі толық дезинфекция шарасынан кейін ол үйден карантин алынған.

Айта кетейік, 1972 жылы туған оралдық әйел 28 наурыз күні Атырау қаласынан іссапардан келген соң өз бойынан ауру белгілерін байқаған. Ол бірден сақтанып, ешкіммен қарым-қатынас жасамай, коронавирусқа күдігі бар тұлғаларды оқшаулау орталығына жеке көлігімен өзі барған. Сол жерде жасалған тест нәтижесі оның қауіпті вирусты жұқтырғанын көрсеткен. Науқас қазір Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, дәрігерлердің айтуынша жағдайы қанағаттанарлық.

Батыс Қазақстан