Қазақстан • 31 Наурыз, 2020

Ұшқышсыз ұшақтар төтенше жағдайда барлау жұмыстарын күшейтеді

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайды бақылау және күшейтуде ұшқышсыз ұшу аппараттарын әскери қызметшілер блок-бекеттерде қолдана бастады.

Ұшқышсыз ұшақтар төтенше жағдайда барлау жұмыстарын күшейтеді

Қорғаныс министрлігінің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, Қарулы күштердің ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептері әуе барлауын жүргізу, төтенше жағдай режимінің бұзылуын анықтау және оған жол бермеу мақсатында қолданылады. Олар республика жұртшылығының блок-бекеттерді рұқсатсыз кесіп өтуінің және автокөліктердің карантиндік аймаққа және одан тыс жерлерге өтіп кетуін болдырмауға бағытталып отыр.

Төтенше жағдай және карантин режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына кіретін және шығатын жолдарда блок-бекеттер орнатылып,  Қарулы күштердің әскери қызметшілері, полиция және Ұлттық ұлан өкілдерімен бірлесіп тәулік бойы кезекшілік атқаруда. 

ІІМ бөлімшелері блок-бекеттерден техникаларды тексерістен кейін өткізеді. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде күшейту жұмыстарына әскери қызметшілер, оның ішінде әскери полиция тәжірибелі қызметкерлері тартылған.

Бүгінде қалаларға, елді мекендерге кіруге және шығуға тыйым салынғанына қарамастан, блок-бекеттерді заңсыз кесіп өтуге әрекеттер орын алуда.  Тыйым салынған аумақты кесіп өтудің тәсілдері әртүрлі сипатта. Олардың ішінде блок-бекеттерді айналып өтіп жатқандар да бар. Ұшқышсыз ұшу аппараты әскерилер мен полиция қызметкердеріне барлық бағыттар бойынша көру мүмкіндігіне, заң бұзушылықтардың алдын алуға, блок-бекеттерді бақылауға мүмкіндік береді.

Бүгінде  маңызды оқу-жауынгерлік мәселені шешуде ұшқышсыз ұшу аппараттары Қазақстанның Қарулы күштерінде белсенді түрде қолданылып келеді. Олар әуедегі барлау жұмыстарын күндіз-түні жүргізеді. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар оқу-жаттығу кезінде ғана емес, олардың көмегімен Арыстағы аумақты барлауды, инженерлік бөлімшелердің жұмысын қадағалау және жарылғыш заттар табылған жағдайда жедел штабқа баяндауда тиімділігін көрсетті.