Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес "Біз біргеміз" қорынан коронавируспен ауырған пациенттермен тікелей байланыста жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне қосымша қаражат бөлінген. Сондай-ақ әкімдік коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне қонақ үйлер мен көлік бөліп, тамақ ұйымдастырды. Емханалар мен ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге CTS компаниясы көлік шығарды.
Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша үш ай бойы беріледі. Атап айтқанда, «Қауіптілігі аса жоғары» — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлеріне 850 мың теңге, «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлеріне 425 мың теңге берілсе, «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлерге (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілеріне 212,5 мың теңге төленетін болады.