Экономика • 31 Наурыз, 2020

1205 адамға сақтандыру қорынан төлемдер берілді

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 1 205 адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алды.

1205 адамға сақтандыру қорынан төлемдер берілді

Бүгін сағат 18:00-ге дейін жаңа әлеуметтік төлемді алуға 11115 адам өтініш берген. Оның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласынан – 3885, Алматы қаласынан – 3575, Шымкент қаласынан – 80, Ақмола облысынан – 121, Ақтөбе облысынан – 206, Алматы облысынан – 125, Атырау облысынан – 10,  ШҚО-дан – 27, Жамбыл облысынан – 237, БҚО-дан – 50, Қарағанды облысынан – 261, Қостанай облысынан – 1772, Қызылорда облысынан– 111, Маңғыстау облысынан – 9,  Павлодар облысынан – 481, СҚО-дан – 14, Түркістан облысынан 151 адамға, жалпы 1205 азамат аталған жаңа төлемақыны алды.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42,5 мың теңге төлемақы берілетіні туралы хабарлаған болатынбыз. Ол мына санаттағы азаматтарға тағайындалады:

  • орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
  • жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);
  • жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі – БЖТ);
  • нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын адамдар, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар кіреді.
  • карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.

Әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін жұмыс берушілер өтінішпен қызметкерлердің тізімін ғана ұсынады; ЖК, ЖП, АҚС және БЖТ төлеушілер жеке деректерді көрсете отырып, тек өтініш береді.

Сондай-ақ, қызметкер жұмыс берушінің өтініш беруін күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады. Барлық өтініш берушілер төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты кірістерді жоғалту фактісінің дұрыстығы үшін өзіне жауапкершілік алады.

Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық форматта беріледі.

Әлеуметтік төлем тағайындау үшін қызметкердің (ЖК және ЖП дербес) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (АҚС үшін – БЖЗҚ-ға жарналар) соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар жасауы жеткілікті болады.

МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемді тағайындауға үміткер азаматтарға әлеуметтік аударымдар немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, бұны автоматты түрде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ тексереді.

Өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі қысқартылды, 3 жұмыс күнін құрайды.