Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Мекеме басшыларының мәселесін қашықтан қарады

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазталов ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Ғизатуллинге қатысты қылмыстық іс бойынша мәселені қашықтан қарап, тиісті бақылау жүргізбеген мекеме басшылығын тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Мекеме басшыларының мәселесін қашықтан қарады

Қазталов ауданындағы шаруа қожалықтарына кедергісіз субсидия алуына көмектесіп, шаруа қожалықтары басшыларынан жалпы сомасы 390 мың теңге пара алды деп айыпталған Аслан Ғизатуллин 30 наурыз күні Казталов аудандық сотының үкімімен өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 7 жыл 6 ай мерзіміне бас бостандығынан айырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Аслан Ғизатуллин 2018-2019 жылдары мекеме басшысының бұйрығымен Қазталов ауданы бойынша инвестициялық салым нысандарын тексеретін мамандар тобының мүшесі болған. Ол «2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кейбір шаруа қожалықтарының құдық тереңдігін өлшеп, сәйкессіздігін анықтаған. Бірақ шаруа қожалықтарынан пара алып, актіге «құдықтар субсидия алуға сәйкес» деп көрсеткен. Ал кейбір шаруа қожалық құдықтарының тереңдігін Ғизатуллин өлшемеген, тек сырттай қарап, су бар-жоғын тексерумен шектелген.

- Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауы азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімін төмендетеді және теріс имиджді қалыптастырады. Сондықтан жоғарыдағы қылмысты жасауға ықпал еткен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін Батыс Қазақстан облыс әкімінің аппаратына тиісті ұсыным жіберілді. Сонымен қатар, тиісті бақылаудың жоқтығы және бағыныштылармен профилактикалық жұмыстардың әлсіздігі үшін Қазталов ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау ұсынылды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Превенция жəне парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин.

 

Батыс Қазақстан