Білім • 31 Наурыз, 2020

Махамбет университетінің 5 мың студенті онлайн оқиды

915 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 5 мыңнан аса студенті қашықтан білім беру үрдісі оңтайлы жүзеге асырылуда

Махамбет университетінің 5 мың студенті онлайн оқиды

- Біздің университетте қазір қашықтықтан оқыту үрдісі MOODLE, ZOOM, VIBER, WHATSAPP, INSTAGRAM, SKYPE, MicroSoft Teams т.б. автоматтандырылған ақпараттық жүйе бағдарламалары мен әлеуметтік желілердің көмегімен тиімді жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде, қашықтан оқытуды жүзеге асыру мақсатында MOODLE автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне барлық мамандық пен білім беру бағдарламалары жүктеліп, 1000-ға жуық пән енгізілді, - дейді БҚМУ-дың баспасөз қызметі жетекшісі Рита Сұлтанғалиева.

Аталған ақпараттық жүйеге университеттің 5 мыңнан аса студенті мен 400-ге жуық оқытушысы тіркелген. Сонымен қатар бұл жүйеге барлық мамандық пен білім беру бағдарламасы бойынша электронды оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік материалдар – дәрістер, семинарлар, студент пен магистранттардың орындайтын өзіндік жұмыс тапсырмалары, аудио-бейне дәрістер, электронды оқу құралдары жүктелген. Оқу орнының интернет жылдамдығы 110 мб/с құрайды.

Университетте MOODLE АИС жүйесінде жұмыс жүргізу үшін студентер мен магистранттар және оқытушыларға оқыту семинарлары өткен. Барлық білім алушыға оқу орнының ғылыми кітапханасы мен республикалық жоғары оқу орындарының кітапханаларының электронды қорына кіру мүмкіндігі жасалған. Университет сайтында қашықтан білім беру порталында жұмыс жасауға арналған оқыту презентациялары да жүктелген.

- Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барлық жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдары қашықтан оқыту технологиясы арқылы білім беруді оңтайлы жүзеге асыруы тиіс. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы мәселеге орай арнайы брифинг өткізіп, ең басты мәселелерді жан-жақты түсіндірген болатын. Бұл технологияны меңгерген білікті маман шеберлігін көрсетіп, шәкірттерінің терең білім алуына, жауапкершілігін күшейтіп, өзін өзі дамытуға жол ашары сөзсіз, - дейді Рита Сұлтанғалиева.

 

Батыс Қазақстан