Архив басшысының орынбасары Қаншайым Мақажанованың айтуынша, бүгінде интернет жүйесінде Подольск қаласындағы архивтің үш жобасы жұмыс істейді. Біріншісі, қаза болған және хабарсыз кеткендер туралы «Мемориал» мәліметтер жинағы. Екіншісі, соғыстан аман-есен оралғандар мен қаза болғандар жайлы құжаттардың электрондық бөлімі. Үшіншісі – «Память народа» порталы.
– Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі іздестіру жұмысы барысында біз соғыста қаза тапқан 116 жерлесіміздің есептік-тіркеу құжаттарын таптық. Біздің архивте соғысқа қатысқан адамдардың өмірі туралы, басқа да құжаттарының жиынтық коллекциясы жасалды. Бұл жиынтық құжаттарда майдан шебінен жазылған хаттар, естеліктер, фотосуреттер, марапаттау құжаттары сақталған, – дейді Қаншайым Мақажанова.
Жергілікті архив қызметкерлері Ресейдің Орталық архивіндегі іздестіру жұмыстары барысында Павлодар өңірінен аттанып, Кеңес Одағының Батыры атанғандардың марапатталу қағаздарын тапқан. Олардың арасында Қ.Қамзин, К.Семенченко, И.Скляров сынды үш батырдың жеке өмірлері, Даңқ ордені иегерлерінің марапатталу қағаздары, әскери бөлімдердің осы жоғары марапатқа ұсыну жөніндегі бұйрықтары сақталған.
– Ертіс аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанған жерлесіміз Қабыш Көктаев туралы ақпарат табылды. Негізі Қ.Көктаев Кеңес Одағының Батыры атағына 1944 жылдың 9 тамызында, 1945 жылдың 4 ақпанында екі рет ұсынылған. Рота командирі Қ.Көктаевтың Польшаны жаудан азат етудегі, Германия жеріндегі көрсеткен ерліктері жазылған, – дейді Қаншайым Мақажанова.
Ал даңқты жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдинге қатысты деректерде 100-ші жеке атқыштар бригадасының, 1-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы Ә.Баймолдиннің аты-жөні, тегі жазылған бұйрықтары, қазаға ұшыраған офицерлік құрамды есепке алу әліпби кітабы анықталыпты.
Бүгінде Ресейдің Ржев қаласында қазақстандық 100-ші және 101-ші ұлттық атқыштар бригадаларының жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешен бар. Онда 10 мың қазақстандық жауынгердің аты жазылған.
Ал 31 керекулік жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 8 жауынгер үш дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Ресми деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа біздің өңірімізден 46 мыңнан аса адам аттанған. Соғыста қаза болғаны, хабарсыз кеткендері қаншама, 11 мың жауынгер әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен деп саналады.
Осы күнге дейін үміттерін үзбей, сарғайған сағыныштарын жүректе сақтап атасын, әкесін, ағасын іздегендер қарасы азаяр емес. Өздері өмірде болмаса да, архивтерде деректері сақталғаны – көңілге медеу.
Жалпы, облыстық мемлекеттік архивте жергілікті әскери комиссариатқа өз еріктерімен майданға аттануға сұранған азаматтардың өтініштері де сақталған. Соғыстың алғашқы айларында 600-ге жуық өтініш түскен. Облыстық Қорғаныс департаментінің деректеріне сүйенсек, 1941 жылдың маусым, шілде айларында шақырылғандар мен өз қалауымен сұранып барған майдангерлер осы 314-ші атқыштар дивизиясының құрамына енген. Біздің жерлестеріміз 858-ші артиллерия полкінің, 590-шы жеке сапёр батальонының құрамына алынған.
Қаншайым Мақажанова айтқан Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві қорынан 314-ші атқыштар дивизиясының соғыс жолдары, әскери сипаттамасы, майдан жолы, оперативтік мәліметтері, майдан шебінен жеткізілген хабарлары, бұйрықтары, дивизияның майдан жолы бойында қаза болғандардың жерленген орындарының жобасы секілді құжаттар табылған. Бұл құжаттардың сканерлік көшірмелері жасалынды.
Сонымен қатар облыстық мемлекеттік архивте Финляндия Ұлттық архивінен алынған деректер де бар. Яғни 1939-1944 жылдары тұтқынға түскен 63 мың адамның құжатының ішінен 289 қазақстандықтың есептік карточкаларын тапқан. Олардың 43-і павлодарлық. Фашистік лагерьлердің азабын көрген тұтқындардың тізімі, анкеталары, естеліктері, өмірбаяндары, фотосуреттері, ақталу жөніндегі анықтамалары сақталған.
– Соғыстан оралмаған жерлестеріміз туралы «Боздақтар» кітабының 6 томын дайындап, жарыққа шығардық. Кітап Подольскідегі Ресей архивінің мәліметтері негізінде жазылды. Іздеушілер хабарсыз кеткендер туралы мәліметтерді осы кітаптардан да іздестіре алады. Құрастырушылар үшін «Боздақтар» кітабын шығаруда мәлімет жинау, іздестіру жұмыстары оңай болған жоқ. Соғыста 556 жауынгер қаза тапса, 549-ы хабарсыз кеткен. Неміс және фин тұтқынында қаза тапқан 22 павлодарлықты, хабарсыз кеткен 128 офицер мен 1259 қатардағы жауынгер туралы ақпараттарды қостық, – дейді облыстық мұрағат қызметкері Халел Әкімханов.
Концлагерьлерде тұтқында болған, партизан жасағы және польшалық әскери құрамалар құрамында соғысқан павлодарлық жауынгерлер туралы мәліметтер кітаптарда жарияланды.
Сонымен қатар, жаудың лагерьлерінде тұтқында болған, Қиыр Шығыста Квантун әскерлерін талқандауға қатысқан партизан отрядтары мен поляк әскери құрамаларының сапында соғысқан 5 мыңнан астам павлодарлық жауынгер туралы анықталған деректер қосылыпты.
Жергілікті архив қызметкерлері енді Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына арналған осы архивтік құжаттарды ғылыми жүйеге енгізіп, зерттеушілерге тапсырмақшы.
Павлодар облысы