Қос батырдың туған жері – Таулы Алтай Республикасы Усть-Кан ауданы, Черный Ануй ауылдық әкімшілігіне қарасты Тұраты атты шағын мекен. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, бұл өлкеге қазақтар ХVIII ғасырдың 60-жылдары келіп қоныстаныпты. Ресейлік миссионерлер тарапынан жергілікті қазақтарды шоқындыру ісі жүргізілген. Тіпті үкімет өз қаржысына ауылдың ортасына шіркеу тұрғызған. Бертінде сол шіркеу құлатылып, оның орнына қазақтың қос батырының насихат тақтасы орналастырылыпты (суретте).
Жоғарыда айтқанымыздай қазақтарды шоқындыру барысында Туғанбай және Елеуіс деген екі адам миссионерлерге қарсы шығып, өз жақтастарын бастап, қазіргі Тұраты ауылы орналасқан жерге ауа қоныстанған.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары бұл ауылда 20-25 үй қазақ болған көрінеді. Осы бірнеше түтіннің ер азаматтары ел қатарлы соғысқа аттаныпты. Аядай ауылдың төрт жігіті Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Осылардың екеуі – қазақ. Бұлар ертеде бұғауға басын имей кеткен Туғанбай мен Елеуістің немерелері.
Қазір Черный Ануй ауылындағы орта мектеп Қ.Туғанбаевтың атында болса, Тұратыдағы бастауыш мектепке Ж.Елеуісов есімі беріліпті. Осы батыр қандастарымыз жайлы айтар болсақ:
Қадыран Туғанбаев – 1942 жылы 18 жасында майданға шақырылып, барлаушы болған. Кеңес армиясының 333-ші дивизиясы, 1116-шы атқыштар полкында жауынгерлік міндетін атқарады. 1943 жылы Кеңес армиясы Днепрге келіп тіреледі. Немістер өзеннің арғы жағалауына өте күшті қорғаныс шебін құрып, Кеңес әскеріне қарсы соққы алапат беруге көп уақыт дайындалады. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең бір шешуші шайқастардың бірі осы. Әскерлердің арғы жағалауға аман-есен өтіп, шығуын қамтамасыз ету 333-ші дивизияға жүктеліпті.
Қарсы жағалаудың биік дөңесіне орналасқан жау пулеметі Қызыл Армия әскерлеріне оқ бүркіп, аттап бастырмай қинайды. Жаудың пулеметіне қарсы шапқан қазақ Қадыран граната тастап, тажалдың үнін өшіреді. Бірақ өзі де ауыр жараланады. 1944 жылы 19 наурызда Қадыран Туғанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Есіл ер оны көре алмапты. Жарлық шығардан үш ай бұрын қайтпас сапарға аттанған екен.
Жәнібек Елеуісов – 1925 жылы туған. 1942 жылы 17 жасында майданға сұранады. Бірақ оның өтінішін комиссариат 1943 жылы қабыл етіп, 6 айлық мергендер курсына жібереді. Сол жылы ол Воронеж майданының 6-шы гвардиялық дивизиясы 25-ші гвардиялық атқыштар полкі құрамында соғысты бастаған. 1943 жылы 16 қазанда Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады.
Ж.Елеуісов пулемет полкына командир болып тағайындалады. Майданның алғашқы күні оның полкі жаудың 40 жаяу әскерін өлтіріп, 95 немісті тұтқындайды. Жәкең бастаған полк әскерлердің Днепр, Припяти өзендерінен аман-есен өтуіне елеулі үлес қосады. 6-шы гвардиялық дивизияның командирі генерал-майор Г.Ивановтың естелігінде: «Бір шайқас әлі есімде: ұрыс кезінде полкінен жалғыз қалған Жәнібек бір пулеметтен екіншісіне жүгіріп жүріп атысып, жау әскерін тұсап тұрды. Немістер ол жерде біреу емес, бірнеше адам бар деп шатасқан. Міне, осы батыр қазақ баласы Жәнібек болатын».
Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеуісов 1946 жылы майданнан оралып, өзі туған ауылдағы орта мектепте директор болады. 1954 жылы Қазақстанға көшіп келіп, ұзақ уақыт Шемонайха ауданында тұрыпты. Кейін 1962 жылы қазіргі Атырауға көшіп, ДОСААФ облыстық филиалының спорттық атқыштар клубының басшысы болды. Қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. Қазір Атырау қаласында батыр атында көше бар. 1972 жылы ДОСААФ желісі бойынша қазіргі Тараз қаласына ауыстырылады. 1991 жылы зейнеткерлік демалыс шығып, 1996 жылы 21 сәуірде Тараз қаласында өмірден озды.