16:33
Испанияда 100 мыңнан астам адам вирус жұқтырды
Испанияның денсаулық сақтау саласының өкілдері бүгін елде вирус жұқтырғандар саны 102,136 болғанын мәлімдеді.
АҚШ пен Италиядан кейін вирус көп тараған осы Испания.
Елде инфекциядан кеше бір күнде 864 өлім тіркелген. Бұл - Испания үшін ең жоғарғы бір күндік көрсеткіш.
Вирустан қайтыс болғандар саны 9 мыңнан асады, ал сауыққандар 19 мыңнан астам адам.
15:18
COVID-19 туралы тегін онлайн-курс басталды
Johns Hopkins University халыққа арнап COVID-19 және эпидемиология туралы Coursera платформасында тегін онлайн курс ұсынды. Университет - қазір індеттің дүниежүзі бойынша таралуына мониторинг жасап, ғылыми негізделген ақпарат ұсынып отырған бірден-бір зерттеу орталығы.
Бес сағаттық курс 31 наурыз бен 14 сәуірге дейін өтеді. Бұл карантинде отқан тұрғындарға індет туралы кеңінен біліп қана қоймай, интернетте қаптаған ақпаратты сұрыптауға көмектеседі.
Курс вирусты жұқтырғандар саны, инфекцияның қалай анықталатыны, оның қаншалықты жұқпалы және онымен күресу үшін не істеуге болатынын ғылыми тұрғыдан түсіндіреді.
Жүргізетін оқытушылар - Bloomberg Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің үш эпидемиологы.
Сабақ ағылшын тілінде өтеді. Қызықсаңыз, сілтемеге өтіп, 900 мыңға жуық адамға жұққан вирус туралы ғылыми ақпарат алыңыз.
12:29
Өзбекстанда вирус жұқтырғандар саны 173-ке жетті
Елде ем алып жатқан 5 науқас ауыр халде, ал екеуі салыстырмалы ауыр халде екені айтылды.
Қазіргі уақытта коронавирустан 8 адам сауығып, 2 адам қайтыс болды.
Өзбекстанда COVID-19 ауруының алғашқы оқиғасы 15 наурызда тіркелді.
11:23
Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі қызметін босатты
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін, 1 сәуір күні елдің вице-премьері Алтынай Омурбекова мен денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаевты қызметінен босату туралы Жарлықтарға қол қойды.
10:50
Мексикаға демалысқа барған 28 студент вирус жұқтырған
Мексиканың Кабо-Сан-Лукас-Бич курортынан көктемгі демалыстан Техасқа оралған жиырма сегіз студенттен коронавирус анықталды.
Дегенмен мексикалық шенеуніктер олардың вирусты туристік орында жұқтырмағанын айтып отыр екен.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі күні Мексикада 1215 жағдай тіркеген, ал бір күн бұрын вирус жұқтырған 1094 адам анықталған.
10:45
Бельгияда 12 жасар қыз коронавирустан қайтыс болды
Бельгия Корольдігінің COVID-19 күрес жөніндегі үкімет өкілі Эммануэль Андрэ 12 жасар қыздың коронавирус инфекциясынан қайтыс болғаны туралы хабарлады.
«Бұл эмоционалдық тұрғыда өте қиын жағдай, себебі ол балаларға да, медицина мен ғылыми қоғамға да кері әсер етіп отыр»,- деді Андрэ.
Бельгияда бұған дейін вирустан бала өлімі тіркелмеген. Бірнеше күн бұрын көз жұмған Лимбургтық 30 жастағы медбике елдегі ең жас құрбан саналып келді. Бельгиялық қыз Еуропадағы коронавирустың ең жас құрбаны болып отыр. Бұған дейін Францияда 16 жасар қыз бен 14 жасар португалиялық жасөспірім коронавирустан қайтыс болған еді.
Авторы: Светлана Ғалымжанқызы, EQ
10:33
БҰҰ Бас хатшысы: Бұл - қазіргі қоғам үшін сыни кезең
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш коронавирус пандемиясы туралы ойымен бөлісті.
«Коронавирус пандемиясы — бұл қазіргі қоғам үшін сыни кезең және көптеген елдер халықаралық қауымдастықтың қолдауына мұқтаж»,- деді БҰҰ Бас хатшысы.
Ұйым жалпы құны жаһандық ЖІӨ-нің 10% құрайтын экономиканы ынталандыру жоспарын қабылдауды, шағын және орта бизнесті қолдауды және халықтың әлжуаз топтарына көмек көрсетуді ұсынады.
БҰҰ-да, сондай-ақ, дамушы елдерге, ең алдымен, олардың қарыз ауыртпалығын жеңілдетіп, қолдау көрсету қажет деп санаймын. Осы мақсатта COVID-19-ға әрекет ету және пандемиядан кейін қалпына келтіру қоры құрылды.
Авторы: Ақмарал Ағзамқызы, EQ
10:27
Әлемдегі жағдай қысқаша:
• Түркіменстан БАҚ-қа коронавирус сөзін қолдануға тыйым салды
•Сауд Арабиясы пандемияға байланысты мұсылмандардан қажылыққа бару туралы жоспар құрмауды сұрап отыр
• Әлемдегі өлім саны 40 000-нан асып кетті
• Дүниежүзі бойынша вирус жұқтырғандар 800 мыңнан асты
• Ресейде жетінші күн қатарынан науқастар саны өсіп келеді
• Испанияда вирус жұқтырғандар мен өлім саны Қытайдан асып кетті
• Қырғызстанда вирус жұқтырғандар саны 100-ден асты
• Уханда 1 апта бойы жаңа науқас тіркелмеген