Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Жетісудағы егістік алқабы 966,5 мың гектарға ұлғайды

659 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде жандарын шүбереке түйіп жұмыс бастаған шаруа қауымының еңбегін ерекше бағалауымыз керек. Әсіресе, қырда жер жыртып, дән егіп жатқан диқандар үшін қазір қарбалас. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген нақылдың нақты іс жүзіне асатын кезеңі жетісулық шаруалар үшін де жауапкершілікпен басталды.

Жетісудағы егістік алқабы 966,5 мың гектарға ұлғайды

Жалпы, биыл Жетісу топырағында жайқалып өсетін егістік көлемі жылдағыдан ұлғайды. Яғни, дәнді дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға көбейіп, 966,5 мың гектарға жетуі тиіс. Қазір облыс шаруалары осыған күш салып отыр. Биыл аймақтағы көктемгі дала жұмыстары 10 наурызда басталды. Бүгінге дейін 157,4 мың гектар жер жыртылып, барлығы 51,0 мың гектарға дән егілген. Оның ішінде 21,5 мың га арпа мен бидай, 15,1 мың га жаздық дақыл себу жұмысы аяқталып, жалпы көлемі 36,6 мың гектардағы жұмыс тиянақталған. Сондай-ақ,  3,3 мың гектарға мақсары, 2,3 мың гектарға картоп, 4,7 мың гектарға  көкөністің барлық түрі, 2 мың гектарға бақша дақылдары және 4,9 мың гектарға мал азығы үшін шабылатын бір жылдық, көпжылдық шөп егілген екен. Диқандар күздік дақылдың да қамын күйттеп қойған. Мысалы, жалпы 109,6 мың гектар жер жыртылып, оған 97 мың гектар бидай, 12,4 мың гектар арпа егілген. Ал диқандар осы күздік дақылдарға  223,2 мың тонна тұқым жұмсапты.

Тұқым демекші, облыс шаруаларына қажетті  тұқымды «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алып отыр екен. Биыл облыстағы 548 шаруа қожалығына қажетті қант қызылшасының жоғары сұрыпты тұқымы бірінші кезекте алыныпты. Бұл тұқым 14,2 мың гектар егіс алқабына жетуі тиіс. Жалпы, «Жетісу» корпорациясы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін сұраныс берген шаруаларға 167,1 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін берген. 

Айтпақшы, қазір облыстың ауылшаруашылығы алқаптарындағы көктемгі дала жұмысын 33,8 мың бірлік техникаатқарып жүр екен. Яғни, диқандарды қажетті трактор мен қосалқы техникамен қамту деңгейі 97 пайызға жеткен. Осы қарқынмен егістіктегі қауыр тірлікті 25 мамырға дейін толық аяқтау міндеті тұр.

Алматы облысы