Парламент • 01 Сәуір, 2020

Мәжіліс «Ардагерлер туралы» заң жобасын мақұлдады

675 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар «Ардагерлер туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс «Ардагерлер туралы» заң жобасын мақұлдады

Алқалы жиында депутаттар «Ардагерлер туралы» заң жобасын жан-жақты талқылап, қолдау көрсетті. Бұл заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов құжат ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Оның айтуынша, заң жобасы ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын санатының мәртебесін айқындауды көздейді. Біріншісі – ол ҰОС ардагерлері. Бұл санатқа соғысқа қатысушылар және ҰОС мүгедектері жатады.

Екіншісі – басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне қатысты. Заң жобасына сәйкес оларға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларының сыртқы қорғанысын күшейтуге қатысқан, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингенке кіретін азаматтар санаты жатады.

Үшіншісі – жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар санаты. Бұл қатарға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтардың 8 санаты және ҰОС мүгедектеріне теңестірілген азаматтардың 5 санаты кіреді.

Төртіншіден, еңбек ардагерлері қамтылған. Олар – Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған тұлғалар, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кеміне 6 ай жұмыс істеген, әскери қызмет өткерген және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегімен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдермен марапатталған адамдар.

– Заң жобасында ардагерлерге қатысты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Министрлік өз кезегінде ардагерлерге қызмет көрсетуді белсендендіру бағытында құқықтық актілерге толықтырулар енгізіп, ардегерлердің қоғамдық бірлестіктерімен, кәсіподақтарымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарады. Құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша заң жобасында қолданыстағы заңнаманың ескірген және тәжірибелік мәні жоғалған нормалар алып тасталды, – деді министр.

Сонымен қатар Палата салық салу мәселелері бойынша депутаттық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын депутаттар құқықтық нормаларды «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірледі. Құжатта ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғаларды көлік, мүлік салықтары, соттарда мемлекеттік баж төлеу, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде және тағы басқа салықтардан, мемлекеттік баждардан босату ұсынылады.