Әдебиет • 01 Сәуір, 2020

Мені көрсеңдер, қашыңдар!

870 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әзіл дейтін әлем болса, Оспақ дейтін ел болса, соның ханы – Оспанхан. Оның тағына таласатындар қазақ сатирасында бар ғой, ал тәжіне таласқан ешкім жоқ.

Оспанхан Әубәкіровтің сатирасы – қазақ қоғамының қырық қатпарын қабыстырған, адам табиғатының аса ыждағаттылықпен үңілмесе ашыла қоймас астарын аңдаған, жорта айтып, жанама сүйкей салмаған толымды, тұшымды, әр уақытта да өзекті сатира.

Кеңес заманында қайбір кеспірсіз қылықты, келемежді мінезді айтса, соның типтік образға айналған кең пішілген кейіпкерлерін бүгінгі күннен де тауып алып, мәз боламыз.

Мәз боламыз дегенде, бүгін – Күлкі күні. Жүзінен күлкі кетпеген жайдары жанның, қазақ сатирасы классигінің әзіл өлеңдерін топтап ұсынып отырмыз. Салымыз суға кеткендей абыржытқан сынамалы, сырғақты шақта сәл жымита алсақ болғаны.

Мені көрсеңдер, қашыңдар!

Қытық

Ар-ұятының қытығы жоқ,

Адамға

Әманда:

«О, бетінің қытығы жоқ,

Бетсіз» – дейді.

Мұндай қорлықты естіген адамды,

Қариялар: «тексіз», – дейді.

Соған қарағанда,

Адамның арғы атасы

Ар болу керек.

Жалпы мұндай ұғым

Баяғыдан бар болу керек.

Бәлкім, жұрттың өсегі

Осы қытық есебі

Ар-ұяттан туған деседі.

Сондықтан бұ қытық

Бетімізді қоныс еткен.

Содан бері ар-ұятымыз үшін,

Жанын салып көп іс еткен.

Осы қытықты қорғаймыз деп

Ертеде көп соғыс еткен.

Ал бүгінде Кейбір есірген

Қытығын басқа жаққа көшірген –

Қолтығына қуып тыққан,

Біреулер бөксесіне жіберген,

Біреулер сонау өкшесіне жіберген.

Енді біреулер қытығын

Түу табанына түсіріп жіберген.

Ал, енді, біреудің

Не бетінде,

Не етінде,

Ырымға қытығы жоқ.

Жұрдай,

Тып-типыл,

Тыр жалаңаш.

...

«Қазаннан қақпақ кетсе,

Иттен ұят кетеді» деп мақалдаймыз.

Осы сөзді жаттап ал,

Ақы алмаймыз.

 

Кездейсоқ махаббат

Кеше кешкілік Екі қыздың әңгімесін естідік,

– Әй, бір кісі маған сөз айтты.

Соңымнан қалмай өзі айтты.

– Аты-жөні кім екен?

– Фамилиясын сұрамадым,

Аты какой-то Жұмекен.

Институт бітірген, видимо доцент.

Но орысша сөйлесе,

Сплошной қазақбайский акцент.

Отырсам бақылап,

Қызметі зор, бес жүз сом оклад.

Квартирам бар дейді центрде,

Говорит жарымай қойдым кемпірге,

Паркке бардық мы потом,

– Биледіңдер ме?

– Куда, с таким животом.

Өзі сондай толстяк,

Как Шекспировский Фальстаф.

Да такой он чудак.

Кеше мұрны шулап,

Прямо мойныма асылды,

Ерні бір кусок піскен ет секілді.

Көзін жұмып алған,

Мойнымнан тістемек секілді.

Мен так итеріп жібердім,

Что ол кекіріп жіберді.

Айтады: «Қарындас, шошымайық, шошымайық.

Дабай, қосылайық».

– Вот, дура, ладно демедің бе?

Саған осы лайық.

– И так сама солай дедім.

...

Уа, махаббат, соншама оңай ма едің!?

 

Мені көрсеңдер қашыңдар

О, құдірет-ай!

Жұрттың басы кәдімгі бас секілді.

Ал менің антұрған басым

Өзіме қас секілді,

 – Қайдағы бәлеге бейім тұрады,

«Кім жақсылық істейді?» десе,

Жұрттың соңында қалып кейін тұрады.

Арамдықты айнытпай сезе қалады.

«Кім иттік істейді» десе,

Азаннан тұрып кеп кезек алады.

Иттігі сол емес пе,

Көрмеген дауға айғақ болады.

Қаны қарайған пышаққа қайрақ болады.

«Анау сені сүйтем» деді,

Қолыма түссе шашлық жасап,

Сексеуілдің шоғына қақтап үйтем» деді, – деп,

Есінеп жүрген екеуді жұлыстырып,

Жоқ жерде жұмыс құрып,

Тұнықты лайлап сапырып кетеді.

Түбі керек бола ма деп,

Миллициясын да шақырып кетеді.

Біреуді өсіру жайлы сөз болса,

Сондай бір сөзге кез болса,

Өй, ол қояншықты білемін,

Қазанын шағып, кескілеп кілемін,

Әйелін балконнан лақтырып,

Шешесін балағаттап,

Әкесін құлаққа ұрған,

Осы кеше ғана көрдім,

«Құритын болдым» деп жылап тұрған,

– деп

Үміт туғызып отырған адамға Күдік туғызып,

Артынан жар, алдынан құдық құрғызып,

Танымайтын, білмейтін адамына,

Өрт қойып қадамына,

Жұрттың ақ пікірін ірітіп кетеді.

Мұнысына алтын тапқандай қуанып,

Ойламаған жерде бір «ұтып» кетеді.

Міне, осындай басым бар.

Жан сақтағыларың келсе,

Мені көрсеңдер, қашыңдар!

 

Ңөң

Бір басымда санасаң,

Өнер,

Білім

Тегіс бар.

Болмайтұғын

Бас әріп

Қай жерімде кеміс бар?!

– Бола алмайсың Бас әріп,

Түспе текке азапқа.

«Ң» әрпінен басталар

Бір сөз жоқ қой қазақта.

Деді осында біреулер,

Дәлел айтып бұлжытпас.

(Дәлелді сөз – әлді сөз,

Әлді сөзге кір жұқпас).

– Солай,

– десті қалғаны,

Оңай көніп, ойланбай.

«Көне сал»,

– деп, біреулер

Тамақ беріп қойғандай.

– «Ң» әрпінен басталар,

Сөз бар,

– деді

«Ң».

Көнбеді.

– Білмесеңдер айтайын,

Оның аты – «Ңөң»,

– деді.

Айсберг дегенді,

Арғы қазақ «ңөң» деген.

Көктемде көшетін

Өзен мұзын «Сең» деген.

Айтқан сөзім айғақты,

Керегі не мазақтың?!

 Өмір бойы зерттедім,

Ана тілін қазақтың.

Зілдей ауыр зілдерді,

«Ңөң» дейді екен бұрындар.

Ал «сең» деген сөзінде

«Жеңіл» деген ұғым бар.

Өң,

Дөң,

Жең,

Мең,

Сең дейді.

Тең,

Таң,

Тоң,

Көң,

Кең дейді.

Ал енді Айсбергті

Бас алсаң да, «нөң», – дейді!

Ойда жоқта осылай,

«Ң» ашты бір жаңалық.

41 әріп бас шайқап,

Тұрып қалды қамалып.

«Ңөң» деген сөз қазақта

Жоқ десең де еркіңде.

Қарыз сұрап тұрғам жоқ,

Бар десең де еркіңде.

«Ңөң» деген сөз қазақта

Жоқ десең де еркіңде.

Бар десең де дәл содан

Бұзылмайды көркің де!

 

Иттік

Бір итті бір ит бұғып кеп

Дәл тірсектен тістеді.

Тістеген ит күшті еді,

Тарқады шері іштегі.

– О, сорлы-ау, мынауың,

Өңің бе еді, түс пе еді?

Өңің болса осыны

Сен істейтін іс пе еді?!

Барып тұрған иттік қой!

Біз несіне күлеміз,

Өзіміз де талай сөйттік қой.

 

Халық әні

Атыңнан айналайын, халық әні,

Атың қандай жүрекке танымалы!

Күйіп-жанып, күндіз-түн тыңдасам да,

Тыңдай алмай келемін қанып әлі!

Өзіңді түзу айтқан жез таңдайды,

Шыбын жаным шырылдап сағынады.

Өзіңді бұзып айтқан боз таңдайды,

«Қолын алып, құшақтап сүйген» болып

Мұрнынан қыршып алсам неғылады?

 

Арақ пен қымыз

Сәулетті біздің астанада,

Анығын айтсақ асханада,

Арақ пен қымыз танысыпты,

Өзара пікір алысыпты.

Арақ әдеттегідей қызу екен,

Сөйтсе де есі түзу екен.

Қымызға көзін қадап тұрып,

Жөн сұрапты арақ тұрып.

– Әй, сен осы қай елсің?

– Елім – «Жайлау»,

руым «Майемсін».

Арғы атамыз Денсаулық,

Ал өзіңіз қай елсіз?

– Ой, білмеймін ел-пеліңді,

Ұмытқалы қашан тегімді,

Тіл тигізем ата-анама,

О жағын, жаным, атама да,

Атым Арақ соны білем,

Біреулер «Ақа» дейді.

Енді біреулер «Көкмойын» дейді.

Алдыңнан қия өтпеймін дейді,

– «Ойбай-ау, ойбай, қырамысың?»

– Дегізіп жүрген менің градусым.

Белдесуге өзің тұрамысың?

– Деп кіжініп арындап,

Өңі бұзылып барылдап,

Біраздан соң тілі күрмеліп,

Есі бір шығып, бір келіп,

Аузы күнбатысқа қарап,

Құлап қалыпты Арақ.

Арақ ішкен адамды К

өріп жүр ғой көздерің.

Аңғарттым мен де шамамды,

Талқылаңдар өздерің.

 

Домбыра

Домбыраны тиексіз тартатын бар,

Домбыраны ниетсіз тартатын бар.

Домбыраны шертем деп сабайтын бар,

Домбыраны күтем деп «қамайтын» бар.

Комиссия шығарып, шотқа салып,

Домбыраның пернесін санайтын бар.

Ақын да бір домбыра десек егер,

Шығар ма еді мені де сабайтындар?!

Мені қойшы, таяқ жеп шыныққанмын.

Домбырама тимесін, соны айтыңдар!

Ине мен жіп Дәреже қуған дәуір ғой,

(тізерлеп отырғанша,

Қоқиып отыру тәуір ғой).

Инеге бір ой келді,

«Жұрттың түймесін қадап,

Құйрығын жамап,

Бүгісін бүгіс қып,

Тігісін тігіс қып,

Көр-жер жұмыс қып,

Оймақпен ойнап жүргенде,

Алдынан ешкім өтпейтін,

Қаптың аузын көктейтін,

Тебеннің өзі боламын,

Дегеннің өзі боламын.

Одан өсіп Біз боламын!»

Деп ине пайымдады,

Жіпке де орын дайындады:

 – Бұл тірлік бізді жүдетеді.

«Ине өткен жерден жіп өтеді»,

Менің артымнан қалма,

Бақандай шуда жіп боласың,

Қаптың аузын «ұратын»

Нағыз ұр да жық боласың.

Сөйте-сөйте арқан болып кетесің,

Жіп боп жүріп не етесің,

Сонымен Ине өсіп Біз болды,

Етікші бір жарып жүр,

Жіп өсіп арқан болды,

Әйелдер кір жайып жүр.