– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап МӘМС-ке толық көшу үшін қажетті дайындық жұмыстарын жүргізгені белгілі. Қазіргі ахуалға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен сақтандырылмаған азаматтар да медициналық сақтандыру шеңберінде көмек ала беретін болды. Бұл жеңілдік 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды, - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Осы мерзімге дейін елдің барлық азаматы МӘМС-ке қатысушы статусына қарамай, шартты сақтандырылған болып есептеледі және медициналық көмекті ала алады.
Қазір елімізде шамамен 16,4 миллион адам сақтандырылған. Оның ішінде 11 миллионға жуығы – әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың өкілі. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Осылайша, ел халқының жартысынан көбі мемлекет тарапынан автоматты түрде сақтандырылған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – сақтандыру жүйесінің қаржылық операторы. Елдегі медициналық ұйымдар өздерінің қызметтеріне сай осы қордан ақы алады. Биылға дейін қор 1250-ден астам медициналық ұйыммен шарт жасасқан, олардың 650-ден астамы – мемлекеттік болса, 600-ден астамы жекеменшік медициналық ұйым. Ал жасалған келісім-шарттардың сомасы 1,3 трлн теңгені құрайды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ