"Қазіргі қиын кезеңде балаларымыз үйде отыруға мəжбүр. Біз осы сəтті пайдаланып, оқушылар арасында байқау өткізуді жөн деп шештік. Конкурс "Табиғат пен экологияны сақтау", "Жануарлар дүниесін сақтау", "Қоқыс сұрыптау" номинациялары бойынша өтпек", - деп жазды министр Мағзұм Мырзағалиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр номинация бойынша жүлделі үш орын тағайындалған. Конкурс бастауыш, орта жəне жоғары сыныптар арасында өткізіледі. Министр жеңімпаздарды арнайы сыйлықпен марапаттауға уəде берді.
"Сурет жəне қолдан жасалған бұйымдардан бөлек, қоқыстарды бөлектеп жинау тақырыбында бейнеролик түсіруге де болады. Үздік ролик иелеріне де бағалы сыйлық беріледі", - деді министр.
Конкурсқа қатысушылар өз жұмыстарын 2020 жылғы 30 сəуірге дейін аты-жөнін, тұрғылықты мекенін, қайда, қандай сыныпта оқитынын, жас мөлшерін көрсете отырып, #ЕсоQuarantine хэштегімен əлеуметтік желілерде жариялау керек немесе EcoQuarantine@gmail.com поштасына жолдауы қажет.
Бұдан басқа, министрлік эко-амбассадорлар, табиғатты сақтау тақырыбында онлайн эко-сағаттар өткізіп, оқу-танымдық сабақтар жүргізеді. Бұл онлайн сабақтардың бәрін Экология министрлігінің сайтынан жəне əлеуметтік желілердегі парақшалардан көруге болады. «Карантин уақытын балалармен бірге ұтымды өткізуге, қызықты əсерлер алуға, табиғатты аялап, оған зиян келтірмеуді үйренуге шақырамын", - дейді М.Мырзағалиев.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ