Әлем • 01 Сәуір, 2020

Телеарналар коронавирус туралы көп көрсетпеуі керек

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің бір топ дәрігері ел Президенті В. Путин мен Премьер-Министр М. Мишустинге ашық хат жолдады.

Телеарналар коронавирус туралы көп көрсетпеуі керек

Ақ халатты жандар ашық хатта коронавирусқа байланысты ақпарат құралдарында жарияланып жатқан дүниелерге алаңдаушылығын білдірді.

«Ақпарат құралдарында жарияланып жатқан дүниелер елдің үрейін туғызуда. Орталық телеарналарда және түрлі сайттарда беріліп жатқан жаңалықтар легінің 70 пайызы коронавирусты тіптен құбыжық қып көрсетеді. Осынау індеттің түп-төркінін зерттеп, білікті мамандардың, Денсаулық сақтау министрлігінің ақыл-кеңестерін берудің орнына коронавирусты өте қауіпті індет деп жар салуда. Шын мәнінде коронавирус аса қауіпті инфекция болып саналмайды, бұл кәдімгі ЖРВИ-дің ауыр түрі. ЖРВИ мен тұмау эпидемиясы әр екі-үш жылда қайталанып тұрады, ал, пандемия 20-30 жылда қайталанады. Орта есеппен алғанда Ресейде жыл сайын пневмониядан 30 мың адам қайтыс болады. Әлем бойынша бұл дертпен жыл сайын 445 млн адам ауырады. Туберкулезден жыл сайын 1 млн 300 мың адам көз жұмады. Ал, ақпарат құралдары бұл індетті тіптен қорқынышты етіп көрсетуде. Осының салдарынан инфекцияны жұқтырғандар дәрігерге өздері барып көрінуге жүрексінеді. Жұқтырғандары өлімнен басқа жол жоқ сияқты көреді. Осылайша, психикасы бұзылған жандардың иммунитеті төмендеп, керісінше ауруға бейім болады» деген дәрігерлер жалған ақпараттар таратып, адамдар жүйкесіне кері әсер етуді тоқтатуды сұрады. Телеарна эфирлерінде коронавирус туралы көрсетілетін дүниелер 20 пайыздан аспауы тиіс дейді олар.