Қазақстан • 01 Сәуір, 2020

«Birgemiz» қорынан мұқтаж жандарға 5 миллион маска тегін жеткізіледі

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынысы негізінде, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры, қазақстандық «СҚ-Фармация» үкіметтік  операторымен 5 миллион маска алуға келісім жасады.

«Birgemiz» қорынан мұқтаж жандарға 5 миллион маска тегін жеткізіледі

Бұған дейін еліміздің Тұңғыш Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коронавирустың таралуына қарсы күрес шаралары аясында, мұқтаж жандарды қажетті қорғаныс құралдарымен, оның ішінде медициналық маскалармен қамтамасыз ету қажет екенін айтқан болатын. 

Қор төрағасы Руслан Сәкеевтің айтуынша, сатып алынған маскалар коронавирустан ең көп зардап шеккен қалалар - Нұр-Сұлтанға (2 млн. дана), Алматыға (2 млн дана) және Шымкентке  (1 млн дана) жеткізіледі.

«СҚ-Фармация» келісім бойынша аталған қалаларға масканы 10 күн ішінде жеткізуге міндетті. Бір маска бағасы оның қалаларға жеткізілу құнын қоса есептегенде 118 теңгені құрайды. Сондай-ақ, сатып алынған маскалардың сапасына да «СҚ-Фармация» жауапты. Өз кезегінде, әкімдіктер бұған дейін қормен жасасқан меморандумға сәйкес, маскалардың таратылғаны туралы есеп бере отырып, олардың тиісті мекен-жайларға уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуі керек.

«Маскалар ең алдымен, тұрғындардың вирус жұқтыру қауіпі жоғары әлсіз топтарына, оның ішінде жалғыз басты қарттарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, ҰОС-ның ардагерлеріне және оларға теңестірілгендерге, тыл еңбеккерлеріне, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды күтуші адамдарға арналған», - деді Руслан Сәкеев.

Еске сала кетейік, «Birgemiz» қоғамдық қоры Елбасының бастамасымен коронавирусқа қарсы күрес жағдайында халықтың мұқтаж топтарын қолдау мақсатында құрылды. Бүгінде Қорға 13 миллиардтан астам теңге түсті. Көмек алушалардың тізімдерін нақтылау үшін әкімдіктер және әлеуметтік қамсыздандыру мекмелерімен белсенді жұмыс жүргізілуде. Көрсетілген көмектің барлық түрлері мен түскен қаражат бойынша ұйымның сайтында және әлеуметтік желілерде ұдайы ақпараттар жарияланып, жұртшылыққа тұрақты түрде есеп беріледі.