Тарих • 01 Сәуір, 2020

Қазақ геологиясының ғұламасы

3363 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақ ССР-ның қиын-қыстау кезеңінде алға шыққан тынымсыз еңбегі, аққан жұлдыздай жарқ еткен өмірі мен ғылымда қалдырған ізімен сыйлы – академик Қаныш Сәтбаев 2020 жылы 12 сәуірде 121 жасқа толады. Қазақтың тұңғыш инженер-геологы, ғылым докторы, академик және Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрылуының бастауында тұрып, оның бірінші президенті болған Қ.И. Сәтбаев – өмірдің «тар  жол, тайғақ кешуін» өз басынан өткізіп, аз да болса оның зейнетті күндерін де көрген ғұлама.

Қазақ геологиясының ғұламасы

Қазақ ССР Ғылым академиясының Тау-кен істері институтын құруда Қ.И. Сәтбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Өзінің негізгі мамандығы геолог болғанымен, Қазақстанның жерасты байлығын игеруде бұл институттың алатын орны ерекше болатындығын басқалардан ертерек сезген оқымысты. ХХ-ғасырдың бірінші ширегінде болашағы жоқ деп келген Жезқазған – Ұлытау өңірі қазір Отанымыздың аса ірі кеншоғырларының біріне айналды және ол тек мыспен ғана емес, мұнай, асбест, мәрмәр, әктас, алтын, күміс, көмір, темір, қорғасын, мөлдір (хрусталь), және т.б. жер қыртысында өте сирек кездесетін металдарымен егеменді еліміздің байлығына үлесін қосуда. Бұл істе де алаштың алып тұлғасы Қ.И. Сәтбаевтың алатын орны ерекше.

Әңгіме, тіпті, қосымша қаржы жұмсалып, тоқтап қалған барлау жұмыстарын әрі қарай жүргізуді ұйымдастыруында ғана емес, осы кеншілердің кен құрылымының геологиялық-тектік концепциясын жасап, оны жергілікті геологтардың басты бағыты ретінде қолына беруінде. Бұл теория кеннің рудадағы таралуы, орналасуы, жиілігі, аз-көбін анықтайтын факторларға сүйеніп, барлау кезінде бұлжытпай бақылаумен толықтырылатын болжам арқылы да анықталатын. Осы тұжырым қазіргі заманда да, бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі геолог-барлаушылардың да басты құралына айналып отыр.

Жердің жеті қабат астында өздігінен жүретін әр түрлі техниканың кенді өндірудегі жұмысын толық меңгергеннен кейін,  Жезқазған руднигінің 55-ші шахтасында жұмыс істеп жүрген атақты геолог В.И. Штифановпен талай әңгіме-дүкен құрған шахтер мақала авторының бірі, 1965 жылдары жұмыс орнына әдейі іздеп барған. Қазақ тіліне, сол өңірдің тарихына жетік Василий Иванович бірден: «Бұл кабинет маған Қаныш Имантайұлынан ауысқан, осы үстел,  осы орындық сол кісінің талай жылдар қызмет істегенде пайдаланған заттары. Мына сүгіретті ол кісі қайтыс болғаннан кейін өзін жасаттырып, іліп қойды», - деп қабырғадағы Қаныш Имантайұлының жайдары да күлімсіреп тұрған портретіне қарады.

Ол кісі кенді жер бетіндегі өсімдіктердің түрінен-ақ анықтап, «салыңдар осы жерге бұрғыны» дейтін. Ал, бұрғылау деген өте қымбатқа түсетін жұмыс, сондықтан да жауапкершілігі мол болатын, бірақ Қаныш Имантайұлының ұңғы сал деген жерінен кен табылмаған емес, жарықтықтың ерекше қасиеті бар еді.

Өте елгезек, жайсаң, үлкенді-кішінің тілін табатын, халқының тарихы мен мәдениетін жетік білетін. Сондықтанда мәмілешіл, әңгімешіл болды, осы қаланың бас алаңында, биіктігі 100 метрге жететін, таза мыстан ескерткіш қойылса шіркін, сонда ғана оның алдындағы борышымызды ақтаған болар едік.

Ал, марганец – ол бөлек әңгіме! Мысты қорытуда, танктерге сауыт құйғанда қоспа ретінде қолданылатын аса қажетті металл. 1942 жылы Никополь мен Чиатура жау қолына өтіп, Орал зауыттары сол марганецсыз қалды ғой. Ол кенді Қ. И. Сәтбаев сәл ертерек, Жезді бойынан тапқан, 1942 жылы үкімет тапсырмасымен, сол кездегі нарком И.Ф. Тевосянның қолдауымен қаржы бөлініп, 38 тәулік ішінде 60 шақырымға темір жол да, шахта да карьер де салынып бітіп, Қазақстан марганецінің бірінші эшолонын зауыттарға жөнелтті. Дәл осы жылы Жезқазған-Ұлытау аймағының шикізат қорын игеруге арналған монографиясына бірінші дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, ғылыми кеңесте қорғатпай-ақ, оған геология-минералогия докторы дәрежесін беріп, бекітті.

1944 жылдың аяғында КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында 16 ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істеп, ал 1946 жылдың 1- шілдесінде Қазақ ССР Ғылым Академиясы салтанатты түрде ашылып, оның бірінші президенті болып Қ.И. Сәтбаев сайланды. Дәл осы жылы ол КСРО ҒА толық мүшесі болған-ды.

Алдыңғы қатардағы ашылған ғылыми-зерттеу институттарының қатарында – 1945 жылдың 28-ші наурызында құрылған Тау-кен істері институты болды. Оның бірінші директорлығына И.З. Лысенко, орынбасары ретінде, кәдімгі термобұрғыны ойлап тапқан А.В. Бричкин тағайындалды. Сөйтіп, бұрынырақ құрылған Геология ғылымдары институтында Қ.И. Сәтбаевтың жеке басқаруымен Тау-кен ғылымының негізі қалана бастады.

Сол жылы Геология ғылымдары институтынан «Тау-кен істері» секторы өз алдына шаңырақ көтеріп – 4 секторы, 29 ғылыми қызметкері бар, олардың арасында 1 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты бар Қазақстанның Тау-кен ғылымы тарихында дербес институт өз жұмысын қызу бастап кетті. Осы институт құрылысымен Республикада Тау-кен комбинаттарының жұмыстарын қарқындатуға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарына тапсырыстар түсе бастады.

Қ.И. Сәтбаев Тау-кен істері институтының оқымыстылары алдында алғышарттары міндеттері ретінде – жер асты жұмысының тиімді параметрлерін, кен ашу мен кен өндіру жүйесін, бұрғылау-қопарылыс жұмыстары, ашық және жерасты жұмыстарында қойтастарды майдалау амалдарын жүргізу әдістемелерін жасауды бірінші шешілуге тиісті мәселе етіп қойды.

Аз күшпен мұндай алға қойылған күрделі мәселелерді шешудің өзі оңайға түспесі белгілі. Сондықтан да ықшам ұжым үлкен іске асқан ұйымшылдықпен кірісті. Әр кезеңде Қ.И. Сәтбаевтың қамқорлығы сезіліп, Институт лабораторияларын жабдықтау жұмыстары қатар жүріп жатты.

Тау-кен істері ең күрделі болып саналатын жұмыстар, мысалы, Жезқазған кенішінде – кен өндіру жүйелеріндегі қазбалар мен кентіректердің есептеу әдісімен шығарылған параметрлері, Лениногор, Зырян, Текелі және тағы басқа кен орындарында қолданылатын блогты әдейі құлату жүйесінде, руданы қопарылған тастардың астынан бөліп-бөліп түсіріп алудың теориясы мен осы үдерістің практикасын онан әрі жетілдіру жұмыстары және рудасы мен тасы өзінен-өзі бөлініп құлайтын жүйе іске қосылып, пайданы шаш етектен келтіріп жатты. Осы айтылған жүйелер өндіріске еңгізіліп, Лениногор полиметалл және Зырян қорғасын комбинаттарында кен өндіруді 4 есе көбейтті, еңбек өнімділігі 4 мәртеге ұлғайып, шығаратын өнімнің өзіндік құны 2 есеге азайды. 1949-1960 жылдары осы кеніштер 500 млн рубльге пайда келтірді, ал екі жылдан соң осы Институттың үш ғалымы (Ә.Ш. Мусин, А.Н. Жақыпбаев, В.Г. Береза) басқа да авторлармен бірге Лениндік сыйлықтың иегерлері атанды.

Қаныш Сәтбаевтың алға қойған мәселелерінің бірі – жер қыртысынан өндірілетін шикізаттарды әр уақытта кешенді пайдалануда еді. Тіпті соғыс жылдарында, шикізатты молырақ әрі тиімді пайдалану үшін, Қазақстанда ашылған барлық карьерлер маңайындағы толып жатқан, тұла бойында сапашарты жеткілікті тас үйінділерінен металл алуды жолға қоюды талап еткен. Ол әр уақытта да шахты жұмысшыларының еңбегін жеңілдету, оларға комфорттық жағдай жасау, әсіресе, қосымша жұмыстарды механикаландыру, автоматтандыру, шахтыдағы ең қиын жұмыс түрлері – бұрғылау, кен тиеу, оны жер бетіне көтеру, жерасты суымен күресу істерін түгелімен техникаға жүктеуді осы саладағы оқымыстылар мен инженерлерге мақсат-бағдар етіп қойды.

1949-1950 жылдары Институтта Жезқазған кенішіндегі өздігінен жүретін техниканы қолданудың бірінші жобалары жасала бастады. Осы жылдары 2 бұрғылау қондырмасы (СБК-4) тәжірибе жұмыстарын бастап-ақ кетті. Әрине, кеше ғана бұрғышының қолымен көтеріп жұмыс атқаратын перфоратордан кейін – бұл жаңалықтың қиыны да, артықшылығы да қатар болды. Жұмысшыларды қайта дайындау, жоғары қысымды компрессорлар, судың көп мөлшері керектігін айтпағанда, жаңадан қосылған – дарылдаған шумен, газбен күресу, осыншама техника жүретін штректерді кеңейтіп қазу, оларды жер астына түсіру, шығару, қосалқы бөлшектер т.с.с. толып жатқан мәселелерді шешу керек болды.

1955 жылы Жезқазған комбинатының инженерлерімен бірігіп 51 шахтада Э-1003 типті экскаватордың жұмыс органдарын шахтаға түсетіндей ықшамдап, кенді ВОК-3510 вагоншасымен тасуды ұйымдастырды. 1958 жылдары 51 және 45  шахталарда өздігінен жүретін техниканы қолдануды тәжірибеден өткізу учаскелері құрылды – бұны талантты инженер М.Т. Тоқтамысов басқарды. Әрине бұл учаскенің ғылым мен өндірісте атқаратын маңызы өте зор болды – қолдануға бола ма, болмай ма деген сұраққа толық жауап берілді, экономикалық табыс шаш етектен келеді деп экономистер айтса, кен өндірудің өзіндік құны 2-3 есе кемиді деді жоспарлаушылар. Осы шахтадағы тәжірибе жұмыстарының қорытындылары Қ.И. Сәтбаевқа 1960 жылы Қазақстан үкіметіне жерасты жұмыстарында өздігінен жүретін техникаларды қолдануды тездету үшін ұсыныс жасауға, оған қомақты қаржы бөлу керектігіне көз жеткізуіне негіз болды.

Біртуар ғалымның тау-кен өндірісі мен ғылымына орасан еңбегі сіңген ардагер екендігі мына мысалдан көрініп-ақ тұр: КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, сол кездегі 44 шахтаның бас инженері Д.О. Ешпанов былай дейді: «Бастығым Т.Сәдуақасов екеумізді Жезқазған комбинатының директорының кабинетіне шақырған соң,  дереу жетсек – бір топ инженерлер толып отыр екен, төрде – Қаныш Имантайұлы, қасындағы комбинат директоры В.В. Гурба мәжілісті ашып, сөз кезегін Сәтбаевқа берді.

Сіздер, осы, кенді қалайша өндіріп келесіздер? – деген сұрақпен бастады Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті. Әуелі қайламен, сүйменмен, тіпті күрекпен. Одан кейін перфораторға көштіңіздер, күректі сүйретпе қырмалар ауыстырды, тәшкелер орнына 2,5 тонналық вагонеткалар келді. Бұл деген арқалап келе жатқан жүгіңді атан түйеге ауыстырғандай ғана! Ал тау-кен ғалымдары, оның бірі – әне орталарыңда отыр – Уахит Шәріпұлы Шәріпов, Тау-кен істері институтында жерасты жұмысын техникаландыру лабораториясын басқарады, өздігінен жүретін алып техникаларды шахтаға түсіруге болатынын айтады. Тау-кен ісінде революция жасайтын, кен қазуды ондаған есеге арттыратын жаңа техника жасаймыз, - дейді.

Осындай қыруар жұмысты Жезқазғанның келешегі – жас инженерлер бастамай, кім бастайды? Бүгінгі барға мәз болмай, келешекті қиялдау жастардың үлесі болса керек-ті. Ал, Сіздер, бәз-баяғыша әкелеріңнен қалған ескі скреперді даңғырлатып сүйрете бергілерін келеді. Жезқазғанның арзан да тиімді мысы күні ертең көбірек керек болмақ, осы жерде тұрғызылып жатқан кең көлемді қорыту зауыты іске қосылған кезде, жоспар ондаған есе өседі. Сонда қайтпексіздер? Табан астында жатқан бай кенді шет елден тасимыз ба? Жоқ, жолдастар, бұл кенді алып шахталар салып, қуаты мол техникалар қолданып, қауіпсіз және арзан әдіспен алудың жолын іздеу қажет. Мәселен, он жылдан соң, жиырма жылдан соң кенді қалай қазамыз, немен жер бетіне көтеріп, оны қандай көлік түрімен тасимыз?

«Әрине, мұндай келелі іс бір немесе бір топ маманның қолымен жасалмайды, бұған көп инженерлердің, ғалымдардың көмегі керек, қаражат, уақыт, шеберхана, ең бастысы- осыдан бірдеме шығады деген шексіз сенім, жұмыс істеуге ынта-жігер қажет», - деді академик Қ.И. Сәтбаев (М. Сарсекеев. Сатбаев. -.М., «Молодая гвардия», 1980).

Болашақ үлкен жұмыс осылай басталып, Жезқазғанның 45-ші, 51-ші шахталарында жан-жақты сынақтан өткізілген бұрғылау, тиеу, тасу, бекіту техникалары алып-шахта 55-те,  дүниеде теңдесі жоқ кен өндірудің техникалық мәдениетін көтеріп, руда тасқынын молайтты.

Осы мақаланың авторы – сол кездегі 55-ші шахтаның ауысым бастығы – осыншама қайнаған жұмыстың басы-қасында болғанына, шахта өмірінің мол тәжірибесінен қаныққанша сусындағанына, ол сынақ кейін ғылымға келгенінде іске асқанына дән риза.

Қазба жүйесі қолданылатын жерасты кеніштерінде әр түрлі кентіректердің есебінен жер астында 30-35 пайызға дейін руда қалып қоятын. Сол мол кенді қалдырмау үшін – Тау-кен ісіндегі жаңа сала – әр түрлі қазбаларды бос, пайдасыз үйінділермен толтырмалап бекітіп, ал өз «қызметтерін» атқарып біткен кентіректерді сыртқа шығарып, олардан металл алу әдісі пайда болды. Бұл жаңа әдіс өзінің қолдану аясын кеңейтіп, қазір өз алдына қазбалау жүйесі бар, сан алуан техникасы мен технологиясы бар, ғылымның да, өндірістің де жаңа түріне айналды.

Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен жасалған, геология-минералогия ғылымында теңдесі жоқ, жаңа тұжырымға сүйенілген – металлогения мен болжам арқылы Орталық Қазақстан кен орындарын ашудағы қыруар жұмыстары үшін 8 ғалымға Лениндік сыйлық берілді.

1961 жылы (26-шы наурыз – 1-ші сәуір) Жезқазғанда академик Қ.И. Сәтбаев өзі басқарып,  Тау-кен істері Институтының мамандары қатысқан, Қарағанды совнархозы, Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі және Жезқазған кен-металлургия комбинаты инженерлерімен бірігіп өткізген Қазақ ССР Ғылым Академиясының көшпелі сессиясын айрықша атай өткен жөн. Бұған КСРО Ғылым Академиясының 8 корр.-мүшесі, 5 ғылым докторы және 77 ғылым кандидаты қатысты. Құлағы естіген, кітаптарынан оқып білім алған ғұлама ғалымдарды көзімен көріп, жергілікті мамандар бір көтеріліп қалды. Өздері де бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері бойынша баяндамалар жасады: Ш. Есенов, У.Ш. Шәріпов, Ө.А. Байқоңыров, Ж.М. Қаңлыбаева, Д.О. Ешпанов, К.С. Салықов, Ә. Иманғалиев, С.Қ. Асатов ғылыми тұжырымдарын Жезқазғанның кен  өндірісін жаңа техникаларды қолданудың арқасында бірнеше есеге көбейтуге болатындығына арнады.

Еңбектін де зейнеті бар екені белгілі – Теу-кен істері институтының профессоры У.Ш. Шәріпов бастаған топ 1971 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанды. Сөз жоқ, Қ.И. Сәтбаевтың геологияға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, бірақ Тау-кен ғылымы академиктің айтқандарынан ешқашан ауытқыған емес. Институт ғалымдары жұмысының бағытын кен өндіруге кешенді тәсілдерді пайдалануға, кенді қалай қауіпсіз, арзан және жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға бұрды.

Қаныш Имантайұлы жан-жақты оқымысты болып, Қазақтың бас ғылым ордасының президенті ретінде де қазақ елі өміріне байланысты мәдениеттің, білімнің, экономиканың,  денсаулықтың, ғарыштың салаларына араласып, оның біразының жұмысын өзі басқарды.

Орталық Қазақстандағы өндірісті өркендету үшін Ертіс-Қарағанды каналының жобасы мен құрылысын басқарды, атақты композитор А.В. Затаевич академиктің аузынан халықтың 25 ән мен күйін жазып алды, археологиялық қазбаларға қатынасып, Ұлытау маңындағы Алтын шоқыдан «Қарсақбай тасын» тауып, ондағы жазудың 1391 жылғы Ақсақ Темір жорығына арналғанын оқып беріп,  мұражайға тапсыртқызды. 1927 жылы Алтын-Орда хандарының кемеңгер кеңешісі, ханы және әскер басы – Едіге туралы сыр ашатын халық жыры – «Ер Едігені» үлкен алғысөз жазып, Мәскеуде араб әрпімен қазақша бастырып шығарды.

Едіге батыр туралы аңыз, дастан, қисса-хикаяны Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Ш. Уәлихановтан, Ә.Диваевтан, В. Радловтан және Мұхтар Әуезовтен кейін ел арасынан жазып алып, жариялап пікір айтқан. Онда «Едіге батыр» жырының бізде 5-6 түрлі нұсқасының  бар екені айтылған. Бұл жырдың қазақтан басқа, татар, башқұрт, қырғыз, қарақалпақ тілінде жырланып жүрген нұсқаларын қазақ оқырмандары жақсы біледі. Едіге туралы бұл тарихи әңгімені жоғарыда айтылған халықтар ғана емес, Сібірді, Орта Азияны, Еділ бойын, Солтүстік Кавказды, Қырым кеңістігін жайлап, түркі тектес халықтардың көбіне мәлім екені көрсетілген. Жырдың Түркия, Румыния өңіріне тараған нұсқалары да көңіл аударарлық деп көрсетеді академик Рахманқұл Бердібаев. Тағы бір айта кетуге лайықты шындық, ол -Ноғай ордасының 600 жылдық мерейтойын қарашай-шеркес елінің қалалары мен ауылдарында, Ставраполь өлкесінің, дағыстанның, чечен-ингушетияның және Астрахань облысының ноғайлар тұратын жерлерінде кеңінен атап өтілді.

1926 жылы Том технологиялық институтын бітіріп, тау-кен инженері атағының геологиялық барлау мамандығын алған жас инженерге Ер Едіге туралы пікір айту – болашақ академиктің, сол кезде-ақ білімнің әр саласына құштарлығының айғағы еді.

1937 жылдан Кен-металлургия институтын бітіруші тау-кен, геолог және металлург мамандықтары бойынша, мемлекеттік емтихан крмиссиясының төрағасы болып, қанша мың жас мамандарға өмірге жолдама берді. Қ.И. Сәтбаев осы күнгі пайдаланып жүрген ғылым саласындағы жорналдардың шығуының бастауында тұрып, оған сіңірген өлшеусіз еңбегін де айтуымыз керек.

Бекен Құлжа, өте көркем шыққан кітабында (Б. Кульджа. Сто лет любви. -Алматы, 2002) жазады – «Қ.И. Сәтбаевтың халқым дегенде жүрегі сүттей ақ болатын, М.Әуезовке Мәскеуде, МГУ-де сабақ беріп жүрген кезінде, әдейі жолығып – бүкіл халқымыздан ұят, Мұха, елге жүр, қазақ деген аты бар елге бірге қызмет етейік (бұл 1954 жыл болатын), өлер Сталин өлді – енді абақтысымен қорқыта алмас. Мына отырған Ғабит (Мүсірепов) Жазушылар Одағынан Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа ұсынылып жатыр, бұл ЦК-ға барып сенің пайдаңа өз кандидатурасын қайтып алады. Ал дәл солай болғанда саған ешкім тиісе алмайды», - дейді.

Әңгімені аса маңғаздылығымен тыңдап отырған М. Әуезов: - «МГУ-дың басшылығына рахметімді айтып, өз орныма лекция оқитын профессорды ыңғайлап, он күннен кейін елге аттанамын», - деп уәдесін берді. Солай болды да.

Міне, алаш алыбы Қаныш  Сәтбаев зобалаң заманнан саусақпен санардай ғана қалған қазақ зиялылары бір-бірін осылай қорғаған. Отаны өз академигінің еңбегін бағалап, төрт мәрте Ленин және «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапаттады, Ленин және Мемлекеттік сыйлықтарының иегері атанды. Ғарышта № 2402 «Сәтбаев» атты жұлдыз Күнді 3 жылдай уақыт ішінде айналып өтіп, шартарапқа Жердің бір шетінде Қазақ елі бар, сол елде ХХ ғасырда өмір сүріп, ғылымды көтерген, оны өз елі үшін ғана емес, бүкіл адамзат иілігіне паш еткен – Қаныш Имантайұлы тұрған – деп жар салып жүргендей.

Тау-кен ғылымында Сәтбаев ізімен Қазақ ҰҒА-ның академиктері Ө.А. Байқоңыров, Ә.С. Сағынов, Ж.С. Ержанов, А.Ж. Машанов, Ш.М. Айталиев, Б.Р. Рақышев, Н.С. Бүктіков; ҰҒА-ның корреспондент-мүшелері Ә.Ш. Мусин, Ж.М. Қаңлыбаева, Т.М. Ермеков, Л.С. Шамғанова, С.Ж. Ғалиев сынды ғалымдар осы ғылымды алға жылжытты, жастары – осы қиыншылығы мол заманда шыдамдылық көрсетіп, өмір мен ғылымның арасындағы жеңістерімен көрініп жүр.

Уақыт деген зымырап өтіп барады, оны тоқтату мүмкін емес. Қазақ елі егемендігін алды. Қ.И. Сәтбаевтың ізбасары, Еңбек Ері В.И. Штифанов та дүниеден озды.

1994 жылдары Қазақстанда өндірісті жекешелендіру үдерістері жүре бастады. Жерді жеке меншікке алғандар шыға бастады. Жезқазғандағы «Өлке тану» мұражайына келген кісілер Қ.И. Сәтбаев бастаған жұмыстарды осы күнгісіне дейін дамытқан, сол өңірдегі мыс кенінен шығатын металдармен ел байлығын молайта түсіп, жастарға даңғыл жол ашып бергенін көреді.

 

 

Ораз БАЙМҰРАТОВ,  ҰҒА академигі, 

Нариман ЖАЛҒАСҰЛЫ, т.ғ.д., профессор