Экономика • 01 Сәуір, 2020

Бензин бағасы арзандады

1237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап ірі жанармай құю станцияларында бензин және дизель отынының бөлшек бағасы төмендеп жатыр. Наурыз айынан бастап бензин және дизель отынының ішкі нарықтағы көтерме бағасы төмендеп, шамамен 10%-ды құрады. Бұл туралы Атамекен кәсіпкерлер палатасы хабарлады.

Бензин бағасы арзандады

Негізгі себеп – мұнай және мұнай өнімдеріне әлімдік баға белгілеудің түсуі, сондай-ақ Үкіметтің төтенше жағдай кезеңінде бизнесті қолдау бойынша шаралар пакетін бекітуі.  

Сонымен қатар Қазақстанда бензин бағасына бензин және дизель отыны бойынша акцизделетін тауарларды өндірушілерді акциздерді төлеуден босату (31.12.2020 жылға дейін)  және Ресейден Қазақстанға бензин мен дизель отынын теміржолмен тасымалдауға тыйым салу әсер етті. Ал мұнай өнімдерін шығаруға кедендік салыққа келетін болсақ, бұл бағытта нөлге теңеу жоспарланған.  

Қазіргі таңда дизель отыны елдің барлық өңірінде 7-8 теңгеге арзандаған, ал АИ-92 маркалы бензинге баға өңірлер бойынша ең төменгі шек – 150-155 теңгеге жетті.

«Атамекен» сарапшылардың айтуынша, мұнай және мұнай өнімдеріне әлемдік тауар нарықтарында бағалардың күрт төмендеуі  жағдайында Қазақстаннан экспортталатын мұнай өнімдері экономикасының тиімділігі төмен.  

Қазіргі нарықтық ахуал Қазақстанның мұнай секторына оңай тиіп жатқан жоқ. Отандық мұнайды өндірудің өзіндік құнын, сондай-ақ мұнайды кен орнынан мұнай нарықтарына тасымалдауға жұмсалған шығындар және Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық ставкаларын есепке алсақ, мұнайды өткізудің экономикалық тиімділігі нөлге тең.  

Сәйкесінше қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар әлемдік нарықтың қыспағында қалып отыр. Жуық арада қазақстандық мұнайға жағымсыз бағаның қалыптасуының қатері жоғары.

Аталған проблемаға Канаданың мұнай өңдеуші кәсіпорындары тап болды. Мұндай жағдайда мұнайшылар мұнай өндіруді толығымен тоқтатуға мәжбүр болады. Ал мұндай жайт кен орындарындағы өндірістің тоқтауына, жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі. Қазақстанның мұнай саласында 150 мыңнан астам қазақстандық жұмысшы еңбектенеді.