Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Оралда 71 ұйымға рұқсат берілді

773 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күшейтілген карантин режимінде Орал қаласының күнделікті тіршілігін қамтамасыз етеміз деген өтінішпен бизнес өкілдері мен кәсіпорындар тарапынан соңғы екі күнде 350-дей өтініш түскен.

Оралда 71 ұйымға рұқсат берілді

Төтенше жағдай және күшейтілген карантин режиміне байланысты қала әкімдігінде тәулік бойы жұмыс істейтін оперативті штаб құрылған болатын. Штаб қызметі аясында шаһардағы әр түрлі салаларды қамтитын шағын және орта бизнес өкілдерінің сұрақтарына, қала тұрғындарының сауалдарына жауап берілуде.

- Әсіресе, қаланың тіршілігін қамтамасыз етеміз деген мәселемен бизнес ұйымдары мен кәсіпорындар тарапынан 31 наурыз күні 190 өтініш түсті. Ол өтініштер қаралып, 71 ұйымға қызметін жалғастыруға рұқсат етілді, ал 119 ұйым мен кәсіпорынның өтінішін орындаудан бас тарттық, - дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Мұндай өтініштер әлі түсіп жатыр. Мысалы, 1 сәуір күні кешкі сағат 17.00-ге 220 өтініш түсті. Жедел штаб ол өтініштің әрқайсысын қарастырып, шешім қабылдайтын болады.

Бақытжан Хаберұлының айтуынша, соңғы екі күн ішінде i-komek 109 cаll-орталығына тұрғындар тарапынан 3861 қоңырау шалынып, әртүрлі сұрақ қойылған. Сұрақтардың көбі жұмыс орнынан анықтама беру, қызметін жалғастыру, 42500 теңге жәрдемақы алу, т.б. мәселелерді қамтиды. «Ол сауалдардың әрқайсысына толық, қанағаттандырарлық жауап берілді» дейді қала әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 31 наурыздан бастап облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы қаулысы күшіне енді. Осыған орай Орал қаласына елдімекендерден көлік құралдарының кіруіне-шығуына тыйым салынды. Өте қажет болмаса, қала бойынша адамдар мен жеке көліктің қозғалысына тыйым салынуда. Қала тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардан басқа барлық мекеме-кәсіпорындар жұмысы уақытша тоқтатылуда. Қоғамдық көліктің жұмыс кестесі өзгертілді.

- Біз 31 наурыз бен 1 сәуір күндері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екі күн кеңшілік жасадық. Енді ертеңнен бастап өткізу пункттерінде талаптар қатаң сақталады. Сыртта жүруге рұқсат жоқ. Талапты орындамағандар заңда көрсетілгендей жауапқа тартылады, - дейді Бақытжан Нарымбетов

Карантин кезінде жүк тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдары мен тұлғалар Орал қаласына ешқандай шектеусіз кіріп-шыға алады. Сондай-ақ демалыс кезінде ауылға ата-әжелеріне қонаққа барып, қалып қойған қалалық оқушылардың облыс орталығына қайтып келуіне ешқандай шектеу жоқ.

 

Батыс Қазақстан