Қоғам • 02 Сәуір, 2020

Әлеуметтік төлем мен азық-түлік пакеті кімдерге беріледі?

1208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдай кезіндегі еңбек қатынастарын ұйымдастыруға байланысты онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қатысты.

Әлеуметтік төлем мен азық-түлік пакеті кімдерге беріледі?

Жиын барысында министр еліміз­де 42 500 теңгелік төлемді алу үшін ешқандай құжаттың қажеті жоқ екенін айтты.

«Біз жұмыс берушілерді жұмыс орын­дарын, жұмысшылардың жалақы­сын сақтауға, қашықтан жұмыс істеуге мүм­кіндік беруге және ақылы еңбек дема­лысына жіберуге шақырған болатынбыз. Бірақ өкінішке қарай, көп­ші­лік мекеме, әсіресе орта және шағын бизнес өкілдерінің бұл талаптар­ды орындауға мүмкіндігі болмай отыр. Олар жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберуге, тіпті қысқартуға мәжбүр. Оның үстіне елімізде өз бетінше жұмыс істеп жүрген азаматтар да табысынан айырылуда. Елімізде статистика бойын­ша өзін өзі жұмыспен қамтыған 2 млн адам бар. Осыған байланысты Пре­зиденттің 23 наурыздағы тапсырма­сына сәйкес төтенше жағдайда Мемлекеттік сақтандыру қорынан табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем енгізілді. Қазір 1 мың­нан астам адам оны ала бастады», деді Б.Нұрымбетов.

Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысы осы әлеу­мет­тік төлемді алу мәселесін жеңіл­детуді тапсырған.

«Осыған байланысты тәр­тіп­ті өзгертудеміз. Сонымен бүгін Мем­лекет­тік сақтандыру қоры­нан 42 500 теңгені кім алады? Ол біріншіден жалда­малы қыз­мет­керлер – орта және шағын кәсіпорындарда ақысыз дема­­лысқа жіберілген жұмысшылар. Каран­тин жарияланған қалаларда бұл санатқа ірі кәсіпорындар да жа­тады. Екіншісі – жеке тұлға­лар, өз бетінше жұмыспен қамтыл­ғандар. Олардың ішінде жеке кә­сіпкерлер бар – 1,5 млн азамат. Жеке практикамен айналысып жүрген (жеке адвокаттар, сот орындаушылар, нотариустар) 2 мың­нан астам азамат, 180 мың фри­лансер бар. Олар да табыста­ры­нан айырылуда. Соңғы 12 айда Бірыңғай жиынтық көлемін тө­леген 316 мың адам бар»,
деді ол.

Әлеуметтік төлемді алу үшін аза­маттарымыз не істеуі керек? Қайда және қандай құжат тапсыру керек?

«Біріншіден, енді ешқандай құжатты тапсырудың қажеті жоқ. Тек өтініш беріледі. Жұ­мыс беруші өзінің өтінішінде жұмыс­шы­ларының тізімін қосады. Бұл жерде табыстан айырылғанның төтенше жағдайға байланысты екенін ешкімге дәлелдеудің қажеті жоқ. Өтініште көрсетілген мәліметтер қабылданады. Екін­шіден, бәрі электронды түрде болады», деді министр.

Сонымен қатар ол төлемді алуға болатын арнайы сайттың ашылатынын мәлімдеді.

«42 500 теңгені алу бойынша халық­тан сұрақ көп келіп жа­тыр. Egov.kz пор­талына көп адам кіре алмайтынын айтуда. Сол үшін осы күнге дейін келе жат­қан egov.kz порталындағы элек­тронды өтініш сервисінде өтіні­шіңізді толтыруға мүмкіндік бар. Бұл жерде файлды тіркеу тура­лы талап алынып тасталады. Электронды өтінішке тек қана өзіңіз туралы мәліметті, жеке нө­міріңіз бен карточкалық есеп­­шо­тыңызды енгізесіз», деді Б.Нұ­рым­бетов.

Министрдің айтуынша, ЭЦҚ-мен қатар СМС арқылы пароль алып, өз қолтаңбаңызды қоюға болады.

«Электронды үкімет порталы­на қазір көп адам кіре алмай жатыр. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БТС компаниясымен бірлесе отырып, 42 500 теңгені алуға арналған арнайы сайт ашамыз. Бұл сайтта азаматтар өз өті­ніш қалдыра алады. Сайт ертең іске қосылады», деді ол.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі ай сайын азық-түлік топтамасын алатын азаматтардың санатын атады

«Мемлекет басшысы азық-түлік топтамасын алатын азаматтардың санатын белгілеу жөнінде міндет жүктеді. Азық-түлік топтамасын алу мүмкіндігі кімге беріледі? Оны атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасындағы барлық бала алады. Барлық топ бойынша мүгедектер (елімізде 695 мың) де, мүгедек баланы қарап отырған ата-ана, ресми түрде тіркелген жұмыссыз адамдар да азық-түлік топтамасына ие болады. Қазақстанда айына шамамен 1,5 млн адамға азық-түлік топтамасы беріледі. Оны іс жүзіне жергілікті әкімдер іске асырады», деді Б.Нұрымбетов.