Парламент • 02 Сәуір, 2020

Жастарға да қолдау жасалады

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамзат баласын алаңдатқан коронавирус пандемиясы барлық ел үшін үлкен сынақ болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарымызды, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында үлкен бастамаларды қолға алды.

Жастарға да қолдау жасалады

Нақты Мәлімдемеге тоқта­латын болсақ, ең алдымен, бұл – бүгін­гі жағдайда туындап отырған әлеу­меттік мәселелерді шешуге бағытталған бастама. Кәсіп­керлікке, шағын және орта бизнеске демеу шаралары десек те болады. Онымен қоса Мәлімдемеде жастардың да мәселесі шет қалған жоқ. Бәріміз жақсы білетіндей, еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалалары карантинге жабылып, көптеген кәсіпорындар мен мекеменің жұ­мы­сын тоқтатуға тура келді. Оның ішінде жастар да жұмыссыз қал­ды. Осы қалалардың әкімдік­теріне арнайы тапсырма беріліп, жұмыспен қамту орталықтарын дайындау қолға алынатын болды. Осылайша, жастардың, басқа да жұмыссыз азаматтарымыздың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалмақ.

Инфляцияның артуына бай­ланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеу­меттік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индекстеу тапсырылды. Осыған орай, халықтың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азамат­тардың санаты кеңейтілетін болды. Бұған 800 мың адам ілікпек. Бұл пандемия кезінде қолға алын­ған жақсы бастама деп есептеймін. 800 мың адам – бұл да бір үлкен қауым. Бүгінгідей қауіп-қатер артқан күндерде мем­лекеттегі әр адамның жағ­дайы маңызды.

Биылғы 23 наурызда табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы да айтылды. Көмек алатын азамат­тардың тізімі де кеңейтіліп жатыр. Бұл жұмыссыз қалған халық үшін керек-ақ.

Қиындықтың уақытша еке­нін бәріміз білеміз. Деген­мен осындай кезде де халықты қолдау, қиын-қыстау кезеңде демеу маңыз­ды. Өйткені індетпен күрес­ке халық­тың әлеуметтік жағ­дайына қам­қор­лық таныту да кіреді. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» демек­ші, бірлессек бұл сынақтан да өте­тінімізге сенімдімін.

 

Геннадий ШИПОВСКИХ,

Мәжіліс депутаты