Ірге көтергеніне санаулы жылдар ғана болған Назарбаев университетінде қазір 4 мыңнан астам студент білім алады екен. Енді олардың қатарын талдықорғандық талапты жастар толықтырады. 12-сыныпта оқитын Ернар Өмірзақов, Роман Цой, Әсемай Алмасбекқызы, Алуа Бейсенбекова, Қазбек Қабілет және Айым Жұмабаевалар физика-математика бағытында білім беретін зияткерлік мектептің мақтаныштары. Халықаралық, республикалық, мектепаралық олипиа жарыстарында үнемі топ жарып жүрген оқушылар мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласады.
- «Адамды арман өсіреді» дейді ғой, мен болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшылығында жұмыс істегім келеді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін оқуда үздік болуым керек. Мектеп қабырғасында оны дәлелдеуге тырыстым. Арманымның алғашқы баспалдағына шықтым деп ойлаймын. Назарбаев университетіне шақырту алып, грант иленгенімде қатты қуандым. Енді білім алуды «Саясаттану мен халықаралық қатынастар» факультетінде жалғастырсам деген ойым бар, - дейді Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Айым Жұмабаева.