30 Тамыз, 2013

Алқапта – Көкшетау комбайндары

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы «Вектор» комбайн құрастыру зауыты биылғы егін орағы қарсаңында өзінің алғашқы өнімдерін диқандар игілігіне ұсына бастады. Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны «ҚазАгроҚаржы» және «Ростсельмаш» ком­байн зауыты» акционерлік қоғамдары ара­сындағы «Yector 410Kz» комбайндарын құрас­тыру жөніндегі мәміле негізінде құрылған болатын.

IMG 0198

IMG 0243

Көкшетаудағы «Вектор» комбайн құрастыру зауыты биылғы егін орағы қарсаңында өзінің алғашқы өнімдерін диқандар игілігіне ұсына бастады. Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны «ҚазАгроҚаржы» және «Ростсельмаш» ком­байн зауыты» акционерлік қоғамдары ара­сындағы «Yector 410Kz» комбайндарын құрас­тыру жөніндегі мәміле негізінде құрылған болатын.

Өткен жұмада, Атбасар ауданы жағынан іссапардан келе жатқан біз, «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар комбайндар тізбесіне құрметпен жол босатып тұрған көлік жүргізушілеріне ризашылығымызды білдіргенбіз. Ауданмен хабарласқанымызда, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жоламан Кәженов аталған техникалар «Полиграф-Астана» ЖШС алқаптарында егін орағына дайын тұрғанын айтты.

Осыдан кейін зауытқа әдейі келгенбіз. Қақпа алдында Шортанды ауданындағы «Бектау» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Сатыбалды Сыздықовты кездестірдік. Өзімізге жақсы таныс Сатыбалды Хамзенұлы жайдары жүзбен қуанышын бөлісіп жатыр.

– Біздің шаруашылық «Агроцентр-Астана» фирмасымен үлескер, – дейді ол. – Қаржылық жағдайымыз аса бапты бол­ма­ғанымен, «НұрБанк» өтінішімізге түсі­ністікпен қарады. Осының арқасында, анау-мынау емес, «Вектордың» 20 данасын сатып алуға мүмкіндік туды. Бұл ауылдастарым үшін айрықша қуанышты оқиға. Өйткені, шаруашылығымыз соңғы рет 2001 жылы алынған «Енисейлерді» ілдебайлап пайдаланып жүр еді. Тозығы жеткен техника қайбір өнімділік берсін. Механизаторлардан да ұят болып жүр еді. Жігері тасыған жігіттер 28 мың гектар алқаптағы бітік егінді төкпей-шашпай жинауға құлшынып тұр.

– Иә, Көкшетауға құстай ұшып жеткен­дейміз, – дейді шаруашылықтағы трактор-егіс бригадасының бригадирі Александр Ткаченко. – Бүгін күні бойы механизаторлар өздеріне тиесілі комбайндарды 250 ша­қы­рымдық жолға дайындаумен болды. Жолбасшыларымыздың көмегімен түнде болса да жүріп кетпекпіз. Жалпы, мен «Вектор» комбайндарының техникалық мүмкіндіктерін жоғары бағалаймын. Оларды ауданымыздағы «Новокубанка» ЖШС көп жылдардан бері пайдаланып келеді. «Вектор» өңіріміздің климаттық ерекшеліктеріне қолайлы, жеңіл басқарылады әрі жергілікті жағдайда жөндеп те алуға болады. Ал, өнімділігі жағынан шетелдік комбайндардан қалыспайды.

Осы кезде зауыт қақпасынан шығуға дайын комбайндардың құжаттары мен қосалқы бөлшектерін тексерістен өткізіп жүрген зауыт директоры Юрий Башуровтың қалт еткен уақытын пайдаланып, сөзге тарттық.

– «Вектордың» Қазақстан рыногында үлесі жыл санап артып келеді. Нақтылай айтсақ, республикамыздағы егін жинау техникасының 42 пайызы осы комбайндардың үлесінде, –деді ол. Бүгін біз шортандылықтарға тиесілі комбайндардың алғашқы тоғызын сапарға аттандырамақпыз. Жалпы, биыл 144 агрегатты дайындық сапына қоямыз. Оның жетпісін «Ростсельмаш» компаниясымен он жыл бойы әріптестік байланыстағы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жүйесімен сататын боламыз. Қазіргі таңда өндірістік алаңдарымызды қызу жаңғыртып, қуаттандыру үстіндеміз. Келесі жылы 3000 шаршы метрлік екінші цехты іске қосу арқылы 200 комбайнды құрастыруға мүмкіндік туады. Ал, 2015 жылы оны 300-ге жеткізу ниетіндеміз. Сұраныстың өсе түсуін техниканың сапалық көрсеткішімен бірге, биылғы шілде айында кеден режіміндегі еркін қойма желісін ашқанымызбен байланыстыруға болады. Яғни өнімдерімізді қосымша құн салығынсыз босатудың арқасында комбайнның бағасы 12 пайызға арзандап отыр. Мұның өзі ауыл еңбеккерлері үшін айтарлықтай жеңілдік.

Көкшетау зауытының болашақ жоспарлары туралы сұрағымызға Юрий Ефимович 2015-2016 жылдары өндірісті әртараптандыруға бағыт ұсталып, заманалық «Агросоюз-Хорш» тұқым себу кешендерін шығару жобасы түзілгенін айтты. Уақыт өте келе жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылатын болады. Кәсіпорын өз мамандарын Ростовтағы зауытта кезең-кезеңімен оқыту үстінде.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

Соңғы жаңалықтар