Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Көкшетауда дезинфекция жұмыстары баяу

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус дертінің алдын-алу мақсатында облыс орталығындағы қоғамдық орындар жаппай дезинфекциялануда. Әйтсе де, арнайы техника мен мамандардың жетіспеушілігі қазірдің өзінде  айқын сезіліп отыр.

Көкшетауда дезинфекция жұмыстары баяу

Облыс орталығын дезинфекциялау жұмыстары осыдан бір апта бұрын басталды. Осы уақыт ішінде небары айналдырған 8 көше мен 40-тан астам аялдамаға санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіліпті.

–7-ші күн болды. Дихлоринмен тазарту жүргізілуде. Аялдамалар, жол жиегі, қоқыс жәшігінің маңайы, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындар дезинфекцияланып жатыр, – дейді «Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының жұмысшысы Анатолий Выховский.   

Орталық саябақ, көшелер, ойын алаңқайлары, жаяу жүргіншілер жолы мен қоқыс жәшіктерінің төңірегі де басты назарда. Ал, бар қаланы қамту оңай-оспақ шаруа емес. Күш жетпей ме, әлде ынта жоқ па? Әйтпесе, коронавирустың қаншалықты қауіпті дерт екендігін санамызға сіңіре алмай отырмыз ба?!

– Біз екі машинаның көлемін аламыз. 10 текше метр суға 2 құты ерітінді қосамыз. Аялдамаларға айрықша назар аударылып отыр. Қала ішінде жолаушыларды тасымалдау әлі тоқтатылған жоқ. Бұл іс бір-екі адамның, бір-екі техниканың күшімен ақтарылатын шаруа емес, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Айжарықов.   

Облыс орталығын дезинфекциялауға «Тазалық» коммуналдық кәсіпорнынан екі техника мен екі жұмысшы жұмылдырылған. Бар болғаны осы.