Қазақстан • 02 Сәуір, 2020

Бүгінге дейін 600-ге жуық онлайн шара өткізілді - министр

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрілігінің төтенше жағдай кезінде қолға алынған жобалары жайлы министр Ақтоты Райымқұлова айтып берді.

Бүгінге дейін 600-ге жуық онлайн шара өткізілді - министр

«Елде коронавирус індетіне қарсы шаралар қолға алынып, арнайы құрылған Мемлекеттік комиссия жұмысын бастаған сәттен Мәдениет және спорт министрлігі шет мемлекеттерде және елімізде жоспарланған мәдени, спорттық іс-шараларын шектеп, қауіпсіздікке аса мән берді. Спортшыларымыз бен өнер қайраткерлерінің шетелдерге шығуына дер кезінде тоқтау қойылып, барлық ел азаматтарының сақтық шараларына назар аударуға шақырдық», - деді министр.

Министрдің айтуынша, төтеннен келген бұл індет қазір тек Қазақстан емес, барлық әлем жұртының жұмыс жоспарына, өмір сүру дағдысына өзгеріс енгізуге мәжбүрледі. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, алдағы іс-шаралар жоспарын бекітіп берді.

Сондай-ақ министр бұл шаралардың тиянақты орындалып, еліміздің осы бір қысылтаяң шақтан қиналмай шығуына мәдениет және спорт, туризм өкілдері белсене ат салысатынын жеткізді. Президент айтқан қолдаулар қоғамның барлық саласын қамтитын сәтте ешкімнің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

«Мәдениет және спорт министрлігі өнер мен спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында онлайн нұсқадағы жұмыс тәртібіне көшті. Барлық республикалық өнер ошақтары кестеге сәйкес күн сайын қойылымдарын, онлайн режимде өз сайттарында, YouTube арналарында және әлеуметтік желілерде көрсетіп келеді. Жалпы республика бойынша мәдениет және спорт мекемелерінің қызметкерлерінің 90%-ы қашықтан жұмыс режиміне ауыстырылды. Күн сайынғы таңғы 8-ден бастап кешкі 9-ға дейін мәдениет және спорт өкілдері қазақстандықтарға үйден шықпай, бой жазу жаттығуларын жасап, түрлі кездесулер, онлайн лекциялар, концерттер өткізіп жатыр», - деді министр.

Кешкі уақытта мәдениет майталмандары көрермендерімізге әсем әндері мен әуезді күйлерін, кино және театр қойылымдарын көрсетіп келеді.

«Жалпы министрліктің бастамасымен қолға алынған жаңа форматтағы жұмыс тәртібі бүгін де жалғасып, қазір жергілікті өнерпаздардың қатысуымен онлайн кездесулер, лекциялар, концерттер де өтіп жатыр. Соңғы 10 күннің ішінде 600-ге жуық онлайн нұсқадағы шаралар өткізіліп келеді», деді А. Райымқұлова.