Қазақстан • 02 Сәуір, 2020

ТЖ жарияланған тұста шет елдегі 5 913 туристі елге қайтардық - министр

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова шет мемлекеттерге демалуға барып, елге қайтулары үлкен қиындық туғызған туристер жайлы айтты.

ТЖ жарияланған тұста шет елдегі 5 913 туристі елге қайтардық - министр

«Бүгінгідей штаттан тыс жағдайда шет мемлекеттерде жүрген демалушыларға қолдау көрсету мақсатында 2016 жылы Үкіметтің қаулысымен «Туристік Қамқор» қоры құрылған болатын және туристік қызметтерді ұсыну шарттары әрқашан уәкілетті органның бақылауында. Міне осындай кешенді іс-шараның арқасында біз елде төтенше жағдай жарияланған тұста шет елге шыққан 5 913 туристі дер кезінде ұйымдастырған түрде елге қайтардық.  Оның 1 823-і жоспарлы түрде қайтарылса, 3 748 туристі арнайы ұйымдастырылған 19 чартерлік рейспен әкелдік. Тағы 342 адамды шетелдік әуе тасымалдаушыларымен келісіп, арнайы бағыттар арқылы жеткіздік», - деді министр.

Оның айтуынша, елге жеткізілген әр турист Қазақстанның санитарлық қызметі бекіткен ережелерге сәйкес тексеруден өтті.

«Мысалы, «Туристік Қамқор» қорының мәліметіне сәйкес, жыл басында, дәлірек айтсам 28-қаңтар күнгі деректер бойынша коронавирус ошағы саналған Қытай Халық Республикасының Хайнань аумағында 1 163 турист болған екен. Оның 958-і – Қазақстан азаматы, қалған 205 адам – еліміз арқылы саяхаттауды жөн санаған басқа мемлекет азаматтары.
Міне, осы 1 163 туристің барлығы індет тараған аймақтан түгелдей елге жеткізілді», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, дәл қазіргі күні туристік қамқорының мәліметіне сәйкес шет елде (Денис Рыжов есімді) Алматы қаласының бір тұрғыны ғана қалды. Ол кісі демалып жүргенде инсульт алып, қазір сол шетелдің ауруханасында ем алып жатыр (Доминикан Республикасының Санто-Доминго қаласында).