Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Ақмола облысының бірқатар ауданында қозғалыс тоқтатылады

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина облысымызда коронавирустың жаңа деректері тіркелгенін жария етті.

Ақмола облысының бірқатар ауданында қозғалыс тоқтатылады

– Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 19 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы коронавирус жұқпасына байланысты емханаға жатқызылғандармен байланыста болған адамдар. Коронавирустен қаза тапқан Қосшы ауылының тұрғынымен байланыста болған бес адамда аталған жұқпа расталды, – ­деді Айнагүл Советқызы.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған азаматпен байланыста болған бес тұрғында да коронавирус анықталып отыр. 1 сәуірге дейінгі жағдай бойынша, Көкшетау қаласында және Шортанды ауданында да бір-бір деректен тіркелгені брифингте айтылды.

– Эпидемиологиялық жағдайдың күн санап күрделенуіне байланысты мен облыс аумағында қосымша шектеу шараларын енгізу туралы қаулы шығардым. Соған сәйкес, 3 сәуір күні сағат 19.00-ден бастап Целиноград, Шортанды және Аршалы аудандарында қозғалыс тоқтатылатын болады. Ауданға кіретін жолдарға блок бекеттер қойылады. Аталмыш өңірлерге аудан өмірі үшін маңызды, әсіресе азық-түлік тасымалдайтын көліктерден басқа, кез-келген көліктер кіріп, шыға алмайды. Сол секілді облыс орталығына кіретін жолдарға да блок-бекеттер орнатылады. Ірі супермаркеттердің де жұмысы тоқтатылады. Тек, жақын маңайдағы азық-түлік сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Далаға маскасыз шығуға тыйым салынады, – деді облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Сонымен қатар Айнагүл Мусина кейбір ата-аналардың елімізде коронавирус пандемиясының таралуын тоқтатуға байланысты қолға алынған шараларға бейқам қарайтынын сынға алды. Жарияланған карантинге қарамастан, балалар ойын алаңдарында жүр. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың сыртқа ата-анасыз шығуына тыйым салынған. Осы орайда, облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері облыс тұрғындарын эпидемиологиялық сақтық шараларын қатаң ұстануға және қоғам белсенділерін, үкіметтік емес ұйым өкілдерін осынау маңызды істің бір жағынан шығысуға шақырды.      ­