Сұхбат • 02 Сәуір, 2020

Тұмаудан отыз есе тез жұғады

600 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қ.Г.Сүлейменов М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті уралогия кафедрасының оқытушысы. Көп ізденіп, көп нәрсеге зейін қойып медицина ғылымы мен саласындағы кейінгі құбылыстар мен өзгерістерге ой жүгірте жүретін азамат. Біз осы ЖОО оқытушысына төрткүл әлемнің 177 мемлекетіне тараған коронавирус инфекциясына қатысты бірер сауал қойған едік.

Тұмаудан отыз есе тез жұғады

-Қуаныш Газетұлы, коронавирус индеті ұғымы жөнінде қазіргі кезде әр түрлі ой-пікірлер айтылып жүр. Сіз бұған не дейсіз?

-2002-2003 жылдары Қытайда «Таяу шығыс респираторлық синдромы» деген атауды иеленген індет тарап, бұдан 800 адам көз жұмған екен. Коронавирус осы індеттің өзгеріске түскен түрі, яғни түпкі негізі бұрыннан бар ауру десем қателеспейтін шығармын. Өз басым мұның осылай деп санаймын. «коронавирус» сөзі латынның «crowns» (тәж) немесе «halos» (Шеңбер) деген сөзінен шыққан. Расында да микроскопка мұқият үңіле қарағанда одан тәж бен шардың бейнесі көрінеді.

-Ендеше сіздің ойыңызша аты өшкір бұл вирустың ерекшелігі неде?

-Оның басты ерекшелігі, әрі өзгешелігі мен қауіптілігі бұған дейін өзіміз әбден үйреніскен тұмаумен салыстырғанда 20-30 есе тез жұғып, тез тарайтынында. Оның таралу жылдамдығы өте жоғары. Клиникалық белгісі кәдімгі тұмау сияқты басталғандықтан көп адамдар оған онша мән бере бермеуі мүмкін. Мұндайда олардың бастары ауырып, қызуы көтеріледі, жөтеледі. Осы кезде адамдар түрлі дәрі-дәрмектер пайдаланып, өз беттерінше емделуге тырысады. Бұдан келетін ешқандай пайда жоқ. Өйткені қабынуға қарсы стеройтты емес препораттардың бұл вирусқа күші жетпейді.

-Сонда не істеу керек?

-Сақтану шараларын барынша сақтап, үйден шықпаған жөн. Азаматтар медициналық бетперде киіп жүрулері қажет. Неғұрлым оқшаулансақ, соғұрлым аурудың алдын ала аламыз.

-Интернетте «Коронавируска қарсы вакцина табылыпты» деген деректер жүр. Бұл шындыққа қаншалықты сәйкеседі?

-Бұған дейін жасалған тәжірибелерге сүйенсек, қандай да бір вакцина жасалып қолданылмастан бұрын ең әуелі жануарларға жүргізіледі. Бұл әлемдік практика. Вакцина қысқа уақыт ішінде жасалып үлгеретін дүние емес. Сондықтан интернет көздері арқылы болған әңгіме шындыққа сәйкес деп айта алмаймын.

Бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл індетке алаңдаушылық танытып отыр. Егер жағдай бұдан әрі ушыға беретін болса (ДДСҰ) бүкіл әлемдік карантин жариялау қажеттілігін алға тартуда. Біздің елімізде алғашқы сақтық шаралары қаңтар айында басталды. Тұрғындарға қара бұлттай қаптап келе жатқан індеттің қауіпті екендігі түсіндірілді. Әйтсе де адамдардың санасы әр түрлі. Қазіргі күнге дейін оның қауіпті екенін сезінбей жүргендер жеткілікті.

Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде атап көрсеткендей коронавирус инфекциясы қаншалықты қауіпті болғанымен одан емделіп шығуға болады. Бұған өз елімізде де індеттен жазылып шыққандар санының өсіп келе жатқаны айқын айғақ.

-Италияда пандемия дерті күрт асқынып, оның алғашқы ошағы Қытайдан кем түспегенін немен түсіндер едіңіз?

-Италия әлемдегі дамыған, қуатты мемлкеттердің қатарына кіреді. Әдетте адамды сезік алдаса да, сезім алдай бермейді. Сол секілді өзімнің ішкі сезімім мен түйсігім бойынша «Бойына сеніп жылдан құр қалған» түйе секілді Италия елі де о баста өздерінің күш-қуаты мен экономикалық әлеуетіне сеніп, яғни коронавирус дертіне аса көп мән бере қоймай, бірден асқыныдып алған секілді. Сөйтіп, коронавирус Италияға тез тарады. Әсіресе оған егде жастағылар бірінші кезекте шалдықты.

Бұдан біз тиісті сабақ ала білуіміз керек. Мемлекет басшысы 65 жастан асқандарға барынша қолдау мен көмек көрсету қажеттігін ұдайы айтып, ескертіп жүргені де сондықтан деп санаймын. Өйткені созылмалы ауруы бар жасы ұлғайған адамдарда вирус тез асқынады. Осы жәйтті ұдайы назарда ұстаған жөн.


-
Әңгімеңізге рахмет!

Ақтөбе облысы