Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстанда жасанды тыныс алдыратын 134 аппарат бар

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында арнайы жабдықталған 20 «Жедел жәрдем» бригадасы коронавируске шалдығу күдігі болған адамдарға қызмет көрсетуге әзір.

Батыс Қазақстанда жасанды тыныс алдыратын 134 аппарат бар

- Облыс аумағында коронавируске қарсы күрес аясында жалпы саны 5382 кереуеттік 20 обсервациялық нысан дайындалды. Одан бөлек 190 кереуеттік 3 провизорлық стационар, 190 инфекциялық орын дайын. Өңірде жасанды тыныс алуға көмектесетін 134 аппарат бар, оның 110-ы жоғарыда аталған стационарларда орналастырылды. Бүгінгі таңда медициналық мекемелер қажетті мамандармен қамтылған, жоғарыда аталған мекеме-стационарларда 110 дәрігер, 221 орта, 187 кіші медициналық персонал қызмет көрсетуде. Оларға Орал медициналық колледжінен келген еріктілер де қосылды. Вирус жұқтырған тұлғалармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлердің қауіпсіздік шарасы жасалған, арнайы костюмдермен, қорғау қасиеті күшті бетперделермен қамтылды. Сондай-ақ президент жарлығына сәйкес бұл топтағы медицина қызметкерлерінің жалақысына үстеме қосылатын болады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов.

Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев 2 сәуір күні Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирусқа шалдыққан 2 адам, «Кумыска» кентіндегі провизорлық госпитальда 58 адам, Бәйтерек ауданында ЖРВИ белгілері бар 8 адам, облыстың карантиндік госпиталінде аурумен қарым-қатынаста болған 30 адам жатқызылғанын хабарлады.

Облыс аумағында 31 наурыздан бері күшейтілген карантин режімі енгізілген болатын. Соған сәйкес көптеген мекеме-кәсіпорындардың қызметі тоқтатылды, жұмыс тәртібіне өзгеріс енгізілді. Дегенмен, халықтың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелер қызметін жалғастырады. Төтенше жағдайға байланысты құрылған Орал Қалалық жедел штабқа осындай 632 мекемеден ұсыныс түскен екен. Ол өтініштердің әрқайсысы қаралып, расында да халықтың күнделікті қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге үлес қосатын 427 мекемеге қызметін жалғастыруға рұқсат берілген. Ал 205 мекеменің өтінішін орындаудан бас тартылған.

- Орал қаласында қазір 9 блокпост орнатылды, қозғалыс шектелді. Бірақ арнайы рұқсаты бар мекеме-кәсіпорын қызметкерлері мен оларға тиісті көліктерге кедергі болмайды. Қалалықтарға ескертерім, мақсатсыз жүріс-тұрысты шектеңіздер. Бұл бәріміздің қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды, - деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

 

Батыс Қазақстан