Қоғам • 02 Сәуір, 2020

Қазақстандық сот-сараптама жүйесі уақыт талабына сай жетілдіріліп келеді

1436 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстандық сот сараптамасы бүгінгі күнге тән міндеттерді, функциялар мен жүйені өз міндетіне алғанша өзінің қалыптасуының бірқатар кезеңдерінен өтті. Қазақстан Республикасында сот сараптамасының пайда болу, қалыптасу және дамуы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының тарихымен тығыз байланысты. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының сот сараптамасы тарихы мәселесін қарау кезінде әртүрлі уақытта осы саланы нормативтік реттеудің аспектілерін зерделеу маңызды болып табылады.

Қазақстандық сот-сараптама жүйесі уақыт талабына сай жетілдіріліп келеді

Мәселен, менің ойымша, қазақстандық сот сараптамасы тарихының бірінші кезеңі немесе басы деп 1939-1948 жылдардағы кезеңді санауға болады, өйткені сот-сараптама қызметі 1939 жылы оқу бөлімшесі ретінде құрылған, бірақ тергеу және сот органдары үшін криминалистикалық сараптамаларды орындаған Алматы заң институтының криминалистикалық зертханасынан шыққан сараптама орталығының формасын алады. 1948 жылы осы зертханаға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Алтай өлкесінің тергеу органдары мен соты үшін сараптама жүргізу жүктелген.

1951-1966 жылдар аралығы қазақстандық сот сараптамасын қалыптастыру үшін маңызды кезең болып табылады. 1951 жылғы маңызды оқиға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің заң комиссиясы жанындағы Алматы ғылыми-зерттеу криминалистикалық зертханасын құру болды. Сол жылы И.В.Сталиннің қол қоюымен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің КСРО Одағының бүкіл аумағында мемлекеттік сот-медициналық қызметін ұйымдастыру туралы Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы құрылды. КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің 1951 жылғы 14 маусымдағы № 643 және Денсаулық сақтау министрлігінің 1951 жылғы 23 шілдедегі № 667 бұйрықтарын орындау үшін ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы және облыстардың қалалары, ауылдық және қалалық аудандарына қызмет көрсететін облыстық денсаулық сақтау бөлімдері жанынан сот-медициналық сараптаманың республикалық бюросы құрылды. Осылайша, қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлініске сәйкес Қазақстанда 15 облыстық сот-медициналық сараптама бюросы жұмыс істей бастады. 1955 жылы бірінші физика-техникалық бөлім ұйымдастырылды. Алты жылдан кейін, 1957 жылдың көктемінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің заң комиссиясы жанындағы Алматы ғылыми-зерттеу криминалистикалық зертханасы Қазақ КСР Әділет министрлігінің Алматы сот сараптамасы Ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Барлық КСРО-да аталған СС ҒЗИ сол уақытқа дейін үшінші сот сараптама институты болды. Алматы сот сараптамасы Ғылыми-зерттеу институтын құру Қазақстанда сот сараптамасының ғылыми бағытын дамытудың басталуын білдіреді. 1959 жылы республикада 5 сот-медициналық зертхана, 3 сот-биологиялық және 1 физика-химиялық бөлімше болды.

Алматы СС ҒЗИ ғылыми және практикалық қызметінің нәтижелері, сот сараптамасының негіздерін әзірлеу саласындағы жетістіктері Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен қызметкерлері бүкіл Республиканың соттары мен құқық қорғау органдарының сараптамалық зерттеулеріне қажеттілікті іске асырған Алматы СС ҒЗИ Қазақ сот сараптамаларының ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылуына заңды түрде сеп болды. Институт директоры болып профессор В.А.Хван тағайындалды (1966-1989 ж.ж.), кейін институтты профессор А.Ф.Әубәкіров басқарды (1989-1997 ж. ж.). Аталған кезеңнің әр жылдары Қазақстанның облыс орталықтарында (Қызылорда қ., Гурьев қ.) сот-медициналық сараптама бюросы жанынан зертханалық бөлімшелер ұйымдастырылды.

1966 жылдан 1978 жылға дейінгі кезеңде ҚазКСР сот-сараптама қызметінде бірқатар өзгерістер орын алып, оның нормативтік және ұйымдық негіздерін жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар жүргізілді. 1967 жылдың 1 қаңтарына республикада 102 негізгі қызметкер мен 89 қосымша жұмыскерді құрайтын 200,5 бірлік дәрігерлік қызмет болды. КСРО-дағы сот-медициналық жұмысына жалпы әдістемелік басшылық жасауды Сот медицинасы ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырды. Осы кезеңде сот-медициналық сараптамасын ұйымдастыруға, нығайтуға және дамытуға арналған бірқатар үкіметтік және ведомстволық нормативтік-құқықтық құжаттар жарық көрді, съездер мен конференциялар өткізілді. ҚазКСР сот-медициналық қызметінің қарқынды даму кезеңі 60-шы жылдардың соңында басталып, 70-ші жылдардың ортасында өзінің ең жоғары деңгейіне жетті.

1973 жылы Қазақ СС ҒЗИ-дің бірнеше облыстық бөлімдері құрылды. Институтта белгілі мамандар: С.Ф.Бычкова, Е.Д.Богодухова, A.M.Агушевич, Г.А.Мозговых, Л.Н.Мороз, Л.Т.Калиновская, А.С.Калимова, К.Н.Шәкіров және т. б. жұмыс істеді

1978 жылы Институтта сараптамалық-алдын алу жұмысының бағыты дамып, Қазақ СС ҒЗИ құрылымы өзгертілді. Алматы қаласында орналасқан және 6 бөлімнен тұратын орталық аппараттан басқа, 1980 жылы 10 облыстық бөлімше құрылды. Осы кезеңнің елеулі оқиғасы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің 1981 жылғы 25 желтоқсандағы № 29/15 шешімі негізінде жасалған және Алматы қаласы мен Алматы облысындағы сот-медициналық қызметкерлерінің қызметін жақсарту және тәрбие жұмысын күшейту мақсатында жүргізілген республикалық және Алматы облыстық бюросы сот-медициналық сараптамасының бірлестігі болды.

Қазақстандық сот сараптамасының тарихындағы бөлек кезең ретінде 1989-1997 жылдар аралығын атап өтуге болады. 1989 жылы сот-медициналық қызмет тарихында тұңғыш рет Шымкент қаласында алғашқы қазақстандық сот-дәрігерлерінің құрылтайы өтті. 1989 жыл сот сараптамасының ғылыми-зерттеу институты жанында аспирантура ашылып, одан бөлек кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңес құрылғанымен белгіленді. 90-шы жылдардың басы Қазақ СС ҒЗИ ғылыми бағытының күшеюімен сипатталды. Институт қызметіне бірнеше рет КСРО Әділет министрлігінен де, Одақтың өзге сараптамалық мекемелерден де жоғары баға берілген болатын. Қазақ СС ҒЗИ оң тәжірибесі КСРО Әділет министрлігінің сот-сараптама мекемелері жүйесінде таратылды. 1989-1995 жылдар аралығында Қазақ СС ҒЗИ Мамандандырылған кеңесінде 12 адам диссертацияларын қорғап шықты, олардың қатарында Институт қызметкерлерімен бірге құқық қорғау органдарының және республиканың ЖОО қызметкерлері де болды.

1997 жыл сот-сараптама қызметі саласындағы бірнеше жарқын оқиғамен ерекшеленді. Алдымен, Әділет министрлігінің бірыңғай сараптама жүйесі құрылды. Оның қалыптасуы сот сараптасы өндірісін жүргізу функциясын қылмыстық қудалау органдарынан Әділет министрлігіне беруді көздейтін «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жүйесiн одан әрi реформалау жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы
Президентінің 1997 жылғы 22 сәуірдегі № 3465 Жарлығынан өз бастауын алады.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң сот-медицина қызметiн қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 2 шілдедегі №1044 қаулысымен Сот медицинасы орталығы құрылды.

Осылайша, аталған жылдың тағы бір маңызы зор оқиғасы – 1997 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметінің құқықтық негізін, осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттейтін «Сот сараптамасы туралы» Заң қабылданды.

2005 жылы талқыланатын саладағы жағдайды қайта қарау қажеттілігі туындайды. Осылайша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен ҚР сот-сараптама жүйесін дамыту Тұжырымдамасы әзірленіп, мақұлданды.

Тұжырымдамаға сәйкес, 2006-2008 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сот-сараптама жүйесін дамыту Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, қабылданды.

2006 жылдың шілде айында бірқатар негізгі заңнамалық актілерге (ҚР ҚК, ҚР ҚПК, ҚР АПК, ҚР ӘҚБтК) қажеттілік пен уақыт талабына сай елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, ҚПК-де тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидатын іске асыру кепілдігі пайда болды, қылмыстық процесті жүргізуші органның процеске қатысушылардың бастамасы бойынша сараптама тағайындауы, ҚК-те сараптама жүргізген сарапшыға қатысты жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы норма пайда болды. Бұл ретте, тікелей сот-сараптама қызметі мен сот-сараптама жүйесіне қатысты регламенттеудің көптеген мәселелері ашық қалды, реттеу өзекті емес болды.

2010 жылдан бергі аралықты сот-сараптама қызметінің тарихы мен қалыптасуының жеке кезеңін қарастыруға болады, ол сондай-ақ сот-сараптама қызметі жүйесінің құрылысында және оны құқықтық реттеудегі бірқатар өзгерістерді білдіреді.

Мәселен, бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында болған сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамалар өндірісі 2016 жылға қарай Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ведомствосына берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 ақпандағы № 34 «Сот сараптамасының кейбір мәселелері туралы» қаулысымен «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы» РМҚК оған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы» ММ қосу жолымен қайта ұйымдастырылды.

Осылайша, Қазақстан Республикасының сот-сараптама жүйесі бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы»республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен ұсынылған.

Бірыңғай ведомствода сараптамалық функцияларды біріктіру әкімшілік персоналдың қызметін оңтайландыруға, сарапшылар жұмысының тиімділігін арттыруға және жалпы материалдық-техникалық базаны негіздей отырып, қаржылық күш-жігерді шоғырландыруға, сарапшылардың үлкен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот-сараптама қызметіндегі ішкі қайшылықтарды болдырмауға мүмкіндік берді.

Құқық қорғау және сот жүйесін сот-сараптамалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру және жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысы 2017 жылғы 10 ақпанда «Сот-сараптама қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына, уақыт талабы бойынша құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауға, сондай-ақ ғылым мен техниканың әлемдік дамуына байланысты қазақстандық заңнаманың өзгеруі, оның дамуы мен жетілдірілуі әбден заңды. Бұл өзгерістер қоғамдық қызметтің барлық салаларына сөзсіз әсер етеді. Сот-сараптама қызметінің табиғаты оның тұрақты дамуы мен динамикасының қажеттілігін білдіреді. Осы бапта келтірілген сот сараптамасының даму тарихының белгілі бір кезеңдеріне градация шартты және зерттелетін саланың неғұрлым маңызды оқиғаларына негізделген. Заңнамалық реформалар кәсіби болуы тиіс, ал ғылыми зерттеу ісінде тарихи және салыстырмалы-құқықтық әдістерді қолдану ерекше орын алады.

Сәкен АБДОЛЛА,

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы,

заң ғылымдарының кандидаты